Жылыой ауданының әкімі Халел Жамалов жергілікті тұрғындарды Теңіз кенішіндегі мекемелерге жұмысқа орналастыру қажеттігін айтты.
Пандемияның салдарынан ауданда жұмыссыздардың саны артқан. Аудан әкімінің орынбасары вахталық аймақта өткізген жиында «Теңізшевройл» ЖШС мен оған тиесілі ірі 20 мердігер мекеме өкілдері осы мәселені талқыға салды.
13 компания өздерінде бос жұмыс орны бола тұра жұмыспен қамту орталығына сұраныс жібермеген. Керісінше, жарнамаларын әлеуметтік желіде таратуға бел буған. Енді әкімдіктегілер мұндай жағдайдың қайталанбасы үшін өздері кірісуді жөн көріпті.
Қайрат ОМАРОВ, Жылыой аудандық жұмыспен қамту бөлімінің басшысы:
– Қазіргі таңда жұмыспен қамту орталығына 2 200 адам тіркеліп отыр. Олардың бәрін осындай мекемелермен келіссөз жүргізіп жұмысқа орналастыруға тырысып жатырмыз.
Елді індет дендегенде Теңіздегі 250 жұмысшы қызметінен босаған. Енді мердігерлер әкімдіктің ұсынысымен келіспей, талаптарды дұрыс орындамаса, Заң шеңберінде шаралар қабылданбақ.
Қазір Теңіз кенішінде 160-қа жуық мекеме жұмыс істейді. Ондағы қызметкерлер саны 63 мыңға жуықтаса, соның тоғыз мыңдайы – жылыойлықтар.