CaspianLife, 18 қыркүйек. Ұлттық валютаның нығаюы республикалық бюджетке миллиардтаған теңге көлемінде шығын әкелген. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын таныстыру кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды LS.
Вице-министрдің айтуынша, жыл қорытындысы бойынша бюджет кірістері жоспардан сәл төмен қалып отыр. Бұған бірнеше фактор әсер еткен.
Бірінші себеп – мұнай өндіру көлемінің қысқаруы.
Өткен жылы 2026 жылға арналған болжамда мұнай өндіру көлемі 100,5 млн тонна болады деп жоспарланған. Алайда геосаяси жағдайды ескере отырып, нақты көрсеткіш 96 млн тоннаға дейін төмендеді. Соның салдарынан бюджет шамамен 200 млрд теңге кірістен қағылды.
Мұнай өндірісінің төмендеуі сервистік компаниялардың жұмысына және осы салада еңбек ететін қызметкерлердің табысына да әсер еткен.
«Осы факторлардың барлығын қосатын болсақ, тек мұнай өндіру көлемінің төмендеуіне байланысты экономикадағы ақша көлемі 1,7 трлн теңгеге азайды. Соған сәйкес, осы сома көлемінде салық түсімдері де кемиді», – деді Азамат Әмрин.
Екінші себеп – АҚШ долларының теңгеге шаққандағы бағамы.
2025 жылы есептеулер кезінде доллар бағамы 540 теңге деңгейінде болады деп алынған. Ал қазір америкалық валюта шамамен 447 теңгеден саудаланып жатыр.
«Айырмашылық 90 теңгеден асады. Тек импортқа салынатын ҚҚС бойынша 700 млрд теңгеден астам қаражат жоғалады. Өйткені импортталатын тауарлардың теңгедегі құны төмендеп отыр. Яғни доллармен есептегенде тауар бағасы өзгермейді, бірақ оны теңгеге аударған кезде құны төмен болады», – деп түсіндірді вице-министр.
Үшінші себеп – тұтынушылық несиелеудің төмендеуіне байланысты сауда қарқынының баяулауы.
Бұл үрдіс әсіресе Алматы мен Астанада байқалып отыр.
Сонымен қатар спикер ҚҚС қайтару көлемінің артқанына да тоқталды. Оның айтуынша, әдістеменің жеңілдетілуіне байланысты фискалдық органдар тарапынан салықты қайтаруға қойылатын талаптар шамамен 700 млрд теңгеге өскен.
Дереккөз: LS

