CaspianLife, 17 қыркүйек. Құрылтай отырысында 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы талқыланды. Келесі жылы мемлекеттік қазынаға түсетін кіріс 25,4 трлн теңге көлемінде жоспарланса, шығыс 30,2 трлн теңгені құрайды. Бюджет тапшылығы 4,6 трлн теңге болады.
Қауіпсіздік, мемлекеттік басқару және резервтерге 4,9 трлн теңге қарастырылған. Оның ішінде 3,3 трлн теңге күштік құрылымдарға, 787 млрд теңге мемлекеттік басқару саласына бағытталады. Үкімет резервіне 370 млрд теңге, ал Президент бастамаларына 470 млрд теңге бөлінеді.
Қосымша шығыстар қатарында Халық кеңесінің жұмысын қамтамасыз етуге қарастырылған 1,7 млрд теңге назар аудартады.
Жаңа Конституцияға сәйкес, Қазақстанда жоғары конституциялық консультативтік орган ретінде Халық кеңесі құрылмақ. Әзірге оның құрамына кімдер кіретіні және кеңеске кім жетекшілік ететіні белгісіз. Мемлекет басшысы бұған дейін Халық кеңесін жақын арада қалыптастыратынын айтқан болатын. Енді жаңа органның жұмысын қамтамасыз етуге бюджеттен қаражат бөлінбек.
Халық кеңесі мүшелерінің жалақысы қанша болатыны туралы сұрақ қаржы министрлігінің өкілдерін де тосылдырды.
«Халық кеңесі халықпен көптеген кездесулер өткізеді. Оларға форумдар ұйымдастырылады, сессиялар өткізіледі, іссапар шығындары бар. Сонымен қатар қоғамдық консультациялар, тыңдаулар және басқа да іс-шаралар қарастырылған. Мұның барлығы 1,7 млрд теңгенің құрамына кіреді. Сондықтан бұл сома тек жалақыдан тұрмайды.
Ал кеңес мүшелерінің жалақысына келетін болсақ, бірыңғай еңбекақы төлеу жүйесі бар. Төлем сол жүйе арқылы жүргізіледі. Мен бұл мәліметтерді жариялауға құқылы емеспін», – деді ҚР қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы.
Бұдан бөлек, күштік құрылым қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдеріне 95 млрд теңге бөлінеді. Ал LRT қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Ішкі істер министрлігінің штат санын ұлғайтуға 2,3 млрд теңге қарастырылған.
Ұлттық қорға қатысты болжамдар да айтылды. 2027 жылы қордың таза валюталық активтері 65,2 млрд доллар болады деп күтілуде. Ал 2029 жылға қарай бұл көрсеткіш 70,6 млрд долларға дейін өсуі мүмкін.
«Ұлттық қорды толықтырудың екі негізгі көзі бар. Біріншісі – шикізат секторынан, оның ішінде мұнайдан түсетін салықтар. Екіншісі – қор активтерін Ұлттық банктің басқаруынан түсетін инвестициялық кіріс», – деп түсіндірді ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин.
Айта кетейік, Үкімет Ұлттық қордан қаражат алуды жалғастырады. 2027 жылы қордан 2 трлн теңге көлемінде нысаналы трансферт қарастырылған. Ал 2028–2029 жылдары жыл сайын 1,5 трлн теңгеден алу жоспарланып отыр.
Осылайша, алдағы үш жылда республикалық бюджет шығыстары мен Ұлттық қор қаражатының қозғалысы айтарлықтай көлемде болады. Ал жаңа мемлекеттік институт – Халық кеңесінің жұмысын қамтамасыз етуге 1,7 млрд теңге бағытталмақ.
Аселім ҚАЛКЕН, Астана

