Caspianlife, 17 қыркүйек. 2026 жылдың басынан бері Атырау қаласының тұрғындарынан жолдардың жағдайына қатысты 109 бірыңғай байланыс орталығына 1193 өтініш түскен.
Тұрғындар негізінен жолдардағы шұңқырларды жөндеу, жаңа жолдар салу және жаяу жүргіншілерге арналған жолдың жағдайына шағымданған. Барлық өтініш полицияға да жолданған.
Тоғыз ай ішінде полиция қызметкерлері қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне 20-дан астам нұсқама берген. Талаптарды орындамаған жауапты тұлғаларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, материалдар сотқа жолданған. Салынған айыппұлдардың нақты көлемі әзірге белгісіз.
Атырау қаласы полиция басқармасы Әкімшілік полиция бөлімінің мемлекеттік автоинспекторы Азамат Сүндетовтің айтуынша, берілген нұсқама орындалмаған жағдайда тиісті шаралар қабылданады.
«Орындалмаған нұсқама бойынша хаттама толтырылып, сотқа жолданды. Сот тиісті шара қабылдады. Сонымен қатар азамат көлікпен шұңқырға түсіп кеткен жағдайда 102 нөміріне хабарласып, полиция шақыра алады. Оқиға бойынша схема жасатып, келтірілген шығынды азаматтық сот тәртібімен өндіріп алуға құқығы бар», – деді Азамат Сүндетов.
Биыл Атырау қаласындағы жолдарды шұңқырлы жөндеуге 800 млн теңге бөлінген. Оның 420 млн теңгесі оң жағалауға, 210 млн теңгесі сол жағалауға қарастырылған.
Сол жағалауда жөндеу жұмыстарын «Айткар» компаниясы жүргізген. Мұнда 17 мың шаршы метр жол жабынын жөндеу жұмыстары толық аяқталған.
Ал оң жағалауда «АИМ-2020» компаниясы 34 мың шаршы метр жолды қалпына келтіріп жатыр. Қараша айына дейін мұнда қосымша 5 мың шаршы метрге жуық жолды жөндеу жоспарланған.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшы орынбасары Сәлімжан Мұсабаевтың айтуынша, орындалған жұмыстардың сапасы арнайы мамандар тарапынан тексеріледі.
«Жұмыстарды мамандарымыз тексереді. Жұмыс аяқталғаннан кейін атқарушылық сызба мен нысанның топографиялық түсірілімі алынады. Мамандар нысанға барып, курвиметр деп аталатын арнайы құралдың көмегімен жолдың ұзындығы мен орындалған жұмыстың көлемін тексереді», – деді Сәлімжан Мұсабаев.
Биыл жолдардың жағдайына қатысты шағымдар ең көп «Нұрсая» шағынауданынан, сондай-ақ Қайыршақты, Ақсай, Еркінқала және Кеңөзек ауылдық округтерінен түскен.
Мамандардың мәліметінше, аталған аумақтарда шұңқырлы жөндеу жұмыстары аяқталған.
Қолданыстағы келісімшарттардың мерзімі аяқталғаннан кейін келесі жылға арналған өтінімдер мен жөндеуді қажет ететін көшелердің тізімі жасақталады. Осыған сәйкес жол жөндеу жұмыстары келер жылы да жалғасады.
Альбина ІЗҒАЛИЕВА

