CaspianLife, 15 қыркүйек. Азғыр өңірінде ондаған жылдан бері күтілген автожол құрылысы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. «7-ші бекет – Асан – Азғыр – Балқұдық – Сүйіндік» бағытындағы күре жолдың жалпы ұзындығы 282 шақырымды құрайды. Қазір құрылыс жұмыстары трассаның үш учаскесінде қатар жүргізілуде.
Алғашқы 36 шақырымның 12 шақырымына асфальт төселді. Бұл учаскеде 13 арнайы техника және 30-ға жуық жұмысшы еңбек етуде. Мамандар жолдың негізін дайындап, топырақты тегістеу және нығыздау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Одан кейін жол төсеміне шамамен 7 сантиметр қиыршық тас төселіп, үстінен асфальт жабындысы жүргізіледі.
«Қазір жоласты негізін тегістеп, қатайтып, катокпен нығыздап жатырмыз. Су шашып, одан кейін бетіне шамамен 7 сантиметрдей қиыршық тас төсейміз. Оның үстіне асфальт төселеді», – деді жол учаскесінің бастығы Кенжеғали Нағимов.
Азғыр жолының құрылысына биыл облыстық бюджеттен 5,9 млрд теңге бөлінген. Алғашқы 36 шақырымдағы жұмыстарды келер жылдың тамыз айында аяқтау жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, 36-98 шақырым аралығындағы учаскеге мердігер анықталып, құрылыс жұмыстарына кіріскен. Ал 98-180 шақырым аралығындағы жол учаскесіне қатысты жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
«98-180 шақырым аралығындағы учаскеде жол салу мақсатында басқарма тарапынан жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Жоба облыстық бюджет есебінен жүзеге асырылуда. Құрылыс-монтаж жұмыстары бекітілген графикке сәйкес, бөлінген қаражат шегінде жүргізілуде»,-деді Атырау облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әсет Оразғалиев.
Азғыр өңірі Атырау қаласынан шамамен 600 шақырым, ал аудан орталығынан 300 шақырымға жуық қашықтықта орналасқан. Ресеймен шекаралас аумақтағы төрт ауылдық округте 7 мыңға жуық адам тұрады.
Жаңа автожолдың құрылысы кезең-кезеңімен жүргізіледі. Жалпы ұзындығы 282 шақырым болатын жолды толық аяқтау 2030 жылға жоспарланған.
Нұрбибі ТЕМіРТАСОВА, Құрманғазы ауданы

