Caspianlife, 19 тамыз. Атырау облысында мүгедектігі бар балалар мен ересектерге кешенді оңалту қызметтерін көрсететін «Алмалы» әлеуметтік оңалту орталығы жұмысын бастады. 29 мамырдан бері мұнда 221 адам оңалтудан өтті, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
150 адамға арналған орталықта медициналық, әлеуметтік және психологиялық бағыттарды қамтитын алты түрлі қызмет көрсетіледі. Әр қызмет алушыға жеке оңалту бағдарламасы әзірленіп, мамандардың кеңесі негізінде тиісті процедуралар тағайындалады.
Орталықта бассейн, физиотерапия, механотерапия, парафинмен емдеу, массаж және емдік дене шынықтыру залдары жұмыс істейді. Спорт залдары заманауи тренажерлармен жабдықталған.
– Орталықта қызмет алушылардың денсаулығын жақсартуға және физикалық белсенділігін арттыруға қажетті жағдай жасалған. Оңалтудан өткен азаматтар көрсетілген қызмет сапасына ризашылықтарын білдіруде, – деді облыстық басқарманың Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету бөлімінің басшысы Бақытгүл Мұратова.
Сонымен қатар қызмет алушыларға психолог пен психотерапевттің көмегі көрсетіледі. Жеке қабылдаулар мен тренингтер ұйымдастырылады.
Балалар үшін тіл дамыту, жеке және топтық дамыту сабақтары өткізіледі. Бұдан бөлек, қолөнер, бейнелеу өнері, тігін үйірмелері, мәдени-танымдық және шығармашылық бағдарламалар ұйымдастырылады.





