Ауылда балабақшаның жоқтығынан перзентін көрші ауылға таситын ақкөлдіктер үшін жаңа оқу жылы қуанышпен басталмақ. 5 мыңнан астам отбасы тұратын Құрманғазы ауданына қарасты Ақкөл ауылында жаңа балабақша салынуда.
300 орындық мектепке дейінгі ұйымның құрылысы аяқталып келеді. Асхана, гимнастика залы және мектепалды даярлық сыныптары бар балабақша 1-қыркүйектен бастап ашылмақ.
Эдуард АЗАТОВ, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары:
– Осы округке 300 орындық мектеп салу жоспарланған. Балқұдықта мектеп жанынан 100 орындық асхана құрылысы жүргізіліп жатыр. Сүйіндік ауылдық округінде жатахана күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Құрманғазы ауылдық округінде де орталық үлкен стадионын қайта жарақтандыру басталады.
Қазір Құрманғазы ауданындағы басты міндет – карантин кезінде мұнай-газ өнеркәсібінен босаған азматтарды жұмысқа орналастыру. Осы мақсатта ауданда 6 әлеуметтік жоба қолға алынған. «Нұрлы жол» бағдарламасымен 300 адам жол құрылысына тартылса, одан өзге балабақша құрылысы, ауылішілік жолдар, ауыз су құбыры секілді жобалардан 200-ге тарта адам жұмыс тапқан. Сондай-ақ, аудандағы еңбекке жарамды азматтардың екі қолына бір күрек ұстату мақсатында «Жол картасы» жасақталған.
Қайрат НҰРТАЕВ, Құрманғазы ауданының әкімі:
– 5-6 жобаны жүзеге асырамыз деген жоспарымыз бар. Одан өзге «Еңбек» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Сол бағдарлама негізінде грант беріледі. Биылға біздің аудан бойынша 80 адамға грант беруіміз керек. Қазіргі таңда оны 40 адам алды. Енді қалғанын қыркүйек, қазан айларына дейін 100% орындаймыз.
Биыл ауданда әлеуметтік жобалардан 200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылмақ. Соның ішінде Үштаған–Асан–Сүйіндік су құбыры, Құрманғазы–Азғыр күре жолының құрылысы да бар.