Caspianlife, 14 тамыз. Маңғыстауда аса ірі көлемдегі есірткі партиясы тәркіленді. «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында облыстық полиция департаментінің қызметкерлері прокуратураның үйлестіруімен арнайы операция жүргізді.
6 тамыз күні сағат 22:00 шамасында Мұнайлы ауданының Атамекен ауылындағы шаруашылық нысандарының бірінде жүргізілген тінту барысында өсімдік тектес зат салынған бес ірі қап анықталды. Сараптама нәтижесінде оның жалпы салмағы 83 келі 300 грамм марихуана екені расталды.
Есірткіні заңсыз сақтады деген күдікпен 27 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды.
Маңғыстау облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Айгерім Ибатуллаеваның айтуынша, аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Мариям БЕРІКҚЫЗЫ, Маңғыстау облысы

