CaspianLife, 6 тамыз. Ақтауда 14 жастағы мектеп оқушысын аяусыз соққыға жыққан дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Бұған әлеуметтік желілерде тараған, екі жасөспірімнің оқушыны ұрып-соғып жатқан сәті бейнеленген видео себеп болды.
Жәбірленушінің туыстарының айтуынша, мектеп оқушысы дүкенге шыққан кезде оны жасы 16–17 шамасындағы екі жасөспірім тоқтатқан. Олар баладан досын алдап сыртқа шығарып беруін талап еткен. Оқушы бас тартқан соң күдіктілер оны аяусыз соққыға жыққан. Болған оқиғаны видеоға түсіріп, кейін оны досына жіберіп, қорқытқан. Отбасының айтуынша, шабуыл жасағандар досы сыртқа шықпаса, оған бұдан да ауыр жағдай болатынын айтып, қоқан-лоқы көрсеткен.
Қазіргі уақытта 14 жастағы оқушы ауыр бас-ми жарақатымен облыстық балалар ауруханасында ем қабылдап жатыр. Туыстары кінәлілерді заң аясында қатаң жауапқа тартуды талап етуде.
Жәбірленушінің әпкесі Ақтоты Ахметқызының сөзінше, күдіктілер жасаған әрекеттеріне еш өкінбейді.
«Бұл балалар еш өкінбейді. Өздерінің жасағандарын толық мойындайды. Ашық түрде: «Иә, мен ұрдым, егер керек болса тағы да ұрамын, сендер маған не істей аласыңдар?» дейді. Мұның бәрін анасының көзінше айтып тұр. Ешқандай өкініш те, өкіну де жоқ. Ал учаскелік полиция қызметкері арызымызды қабылдамаған соң, біз полиция басқармасына барып, арызды сол жерге тапсырдық», – деді ол.
Маңғыстау облысы полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаға қатысқан барлық тұлғалар анықталып, заңды өкілдерімен бірге полиция бөліміне жеткізілген. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
«Мұндай әрекеттер ауыр қылмыс санатына жатады және заңнамада қылмыстық жауапкершілік көзделген. Жанжалға қатысқан барлық тұлғалар анықталып, заңды өкілдерімен бірге полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін олардың заңды өкілдері жауапкершілікке тартылды», – деді Маңғыстау облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Айгерім Ибатуллаева.
Сонымен қатар іс материалдары кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның қарауына жолданды.
(Мариям Берікқызы, Ақтау)

