CaspianLife, 3 тамыз. Орал қаласында құрылыс жұмыстары кезінде топырақ астында қалған ер адамды Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары аман алып шықты.
ТЖМ мәліметінше, оқиға Абай даңғылы бойында болған. Іргетасты оқшаулау жұмыстары жүргізіліп жатқан сәтте 1966 жылы туған ер адамды топырақ басып қалып, ол өздігінен шыға алмай қалған.
Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар арнайы құралдардың көмегімен ер адамды шұңқырдан шығарып, алғашқы көмекті көрсеткен. Кейін ол денсаулық жағдайын тексеру үшін жедел медициналық жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды.
Қазіргі уақытта ер адамның жағдайы нақтыланып жатыр.
Дереккөз: Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі.

