«Таза Қазақстан» жедел алдын алу шарасы кезінде экологиялық құқық бұзушылық жасағаны үшін барлық өңір бойынша 18 мыңға жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Республикада экологиялық құқықбұзушылықтарды анықтауға және жолын кесуге бағытталған «Таза Қазақстан» жедел алдын алу іс-шарасы өтуде. Полицейлер профилактикалық іс-шараны ІІМ экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп өткізіп жатыр.
Патрульдік полиция қызметкерлері мен ЭГТРМ өкілдері құрамындағы ұтқыр топтар адамдар көп жиналатын орындарды тексерді. Рейд барысында полицейлер абаттандыру, жасыл желектердің бүлінуі, су пайдалану және балық аулау ережелерін бұзбау туралы ескертіп, азаматтармен профилактикалық әңгіме жүргізеді. Алайда ескертулерге қарамастан, жекелеген азаматтар экология саласындағы бұзушылықтарға жол береді.
24-шілдеде басталған алдын алу іс-шарасы басталғаннан бері 17 720 құқық бұзушы анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 4,5 мыңы ортақ су пайдалану ережелерін бұзғаны үшін (ӘҚБтК – нің 364-бабы), 289-ы заңсыз аң аулағаны үшін (ӘҚБтК-нің 382-бабы), екі мың адам жалпы пайдалану орындарын ластағаны үшін (ӘҚБтК-нің 434-2-бабы) ұсталғандар бар. Ал бес мыңнан аса адам – абаттандыру ережелерін бұзғандар (ӘҚБтК-нің 505-бабы).
Сонымен қатар, тәртіп сақшылары азаматтарға кез келген жерге қоқыс тастауға болдырмайтынын ескертіп, Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын сақтауға шақырады. Рейд жүргізу кезінде 182 рұқсат етілмеген қоқыс орны жойылды.
Жедел алдын алу шарасы барысында экологиялық құқық бұзушылықтар бойынша 27 қылмыстық іс анықталып, қозғалды. Экология саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтау және алдын алу жұмыстары жалғасуда.