CaspianLife. 14 қазан. Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде, Құлалы аралы маңында жаңа арал пайда болды. Ғалымдар мұны теңіздің тайызданып бара жатқанының алаңдатарлық белгісі деп бағалайды. Соңғы 30 жылда теңіздің осы бөлігінде су деңгейі 2,5 метрге жуық төмендеген. Ал солтүстік-шығыстағы жекелеген аумақтарда жағалау сызығы 20 шақырымнан астам шегінген.
Ш. Есенов атындағы университеттің экология және тіршілік қауіпсіздігі кафедрасының қауымдастырылған профессоры Сымбат Қойбақованың айтуынша, соңғы үш онжылдықта су деңгейінің көрсеткіштері сыни деңгейге дейін төмендеген.
«Қазір су деңгейі ең төменгі шегіне жетті деуге болады. Спутниктік альтиметрияның соңғы деректеріне сәйкес, 2021 және 2026 жылдардағы көрсеткіштерді салыстырғанда, су деңгейі жыл сайын 17–30 сантиметрге төмендеп келеді. Тек мамыр айының өзінде су деңгейі 10 сантиметрге түсті. Алайда бұл түпкілікті көрсеткіш емес. Себебі мамыр — жаздың басы ғана, ал жаз мезгілінде судың булануы қарқындай түседі. Сондықтан бұл үдеріс тоқтаған жоқ, су деңгейі әлі де төмендеп жатыр», — деді ол.
Каспийдің тартылу мәселесі жоғары деңгейде де талқыланды. Жақында Түрікменстанда өткен Каспий экологиялық саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жағдайға қатысты: «Бұл жай ғана экологиялық дағдарыс емес, ауыр зардаптары бар экономикалық дағдарыс», — деп мәлімдеді.
Президенттің айтуынша, 2000 жылдан бері теңіздің су айдыны 16 мың шаршы шақырымға қысқарған. Дүниежүзілік банк болжамы бойынша, 2050 жылға қарай өңірдегі шамамен 2,5 миллион адам ел ішіндегі көші-қонға мәжбүр болуы мүмкін. Арал теңізінің тағдырын қайталамау үшін Қазақстан Каспий маңы елдеріне бірыңғай цифрлық платформа құруды және халықаралық ынтымақтастықты күшейтуді ұсынып отыр.
Ұзақ мерзімді болжамдар бұдан да алаңдатарлық. Сымбат Қойбакованың айтуынша, Есенов университетінде өткен Бас ассамблеяда ғалымдар 2100 жылға дейінгі кезеңді қамтитын есептерін ұсынған.
«Болашақта Солтүстік Каспийдің толықтай жойылып кету қаупі бар. Мұндай жағдайда Ақтау портының жұмысы тоқтауы мүмкін, ал қолданыстағы инфрақұрылымның ішінен тек Құрық порты ғана сақталып қалуы ықтимал. Бұл болжамдардың барлығы судың қазіргі булану қарқыны мен климаттың өзгеруіне негізделген», — деп атап өтті сарапшы.
Каспий теңізіндегі су деңгейінің ауытқуы бұрын да болған. Алайда қазіргі климаттық өзгерістер мен адам әрекетінің әсері бұл үдерісті жеделдетіп отыр. Егер теңіздің тартылуын тоқтату мүмкін болмаса, жағалаудағы инфрақұрылым мен биоалуантүрлілікке елеулі зиян келуі ықтимал.
Каспийді Арал теңізінің тағдырынан сақтап қалуға цифрлық технологиялар мен бірлескен ғылыми шешімдер көмектесе ала ма? Мұны уақыт көрсетеді.

