Мемлекеттік органға енді онлайн режимде жұмысқа орналасуға болады. Қызметшілерді іріктеу ережелеріне өзгерістер енгізілді. Үміткерлер ұялы қосымшадағы бейнебайланыс арқылы таңдалады.
Жаңашылдық уақытты үнемдеп, санитария талаптарын сақтауға септігін тигізбек. Мемлекеттік қызмет басқармасының мамандарынан құралған арнайы комиссия сұхбаттасудың әділ түрде өтуін бақылайды. Агенттіктегілердің айтуынша, сұхбат барысында әртүрлі қулық әрекеттерге тыйым салынған.
Салауат МҮКСІМОВ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі АОД басшысы:
– Сұхбат барысында үміткерге өзін қалай ұстау керектігі жөнінде ұсыныстар дайындалған, яғни, үшінші бір адамның қатысуын болдырмау керек. Әзірге ешқандай тәртіпбұзушылық болған жоқ.
Онлайн-әңгімелесу шалғай елдімекендердегі тестілеуді бақылауға мүмкіндік береді. Мысалы, Жылыойда 4, Қызылқоғада 3, ал қалған аудандарда екі-екіден сұхбат жүргізілген. Жалпы, облыс бойынша 98 үміткердің 42-сі оң баға алып, мемлекеттік қызметке орналасу мүмкіндігіне ие болды.