CaspianLife, 18 мамыр. Бүгін Атырауда Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылындағы отбасының өліміне қатысты сот процесі басталды. Айыпталушылар орнында 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиев отыр. Ол төрт адамды өлтірді деген күдікке ілінген.
Сот процесіне судья Зарема Хамидуллина төрағалық етеді. Ол бұған дейін бірнеше резонанс тудырған қылмыстық істер бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Олардың қатарында Яна Легкодимованы өлтіру, NCOC менеджерінің өлімі және Құлсарыдағы қыз баланың қазасына қатысты істер бар. Аталған істер бойынша айыпталушылар өмір бойына сотталған.
Еске салайық, 2025 жылдың 25 желтоқсанында Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында отбасының жоғалып кету фактісі бойынша іздестіру шаралары басталды. 2026 жылдың 6 қаңтарында отбасының отағасы мен жұбайының мәйіттері өз сарайынан табылды.
Қылмыс жасады деген күдікпен Махамбет ауданының 29 жастағы тұрғыны Сұлтан Сәрсемәлиев халықаралық іздеуге жарияланды. 13 қаңтарда күдіктімен бірге оның бұрынғы жұбайы – қаза тапқан отбасының кіші қызы, 30 жастағы Ақбаян Мұқанғалиева да халықаралық іздеуге берілді.
24 ақпанда Ішкі істер министрлігі олардың Индонезияда ұсталғанын хабарлады. Ал 25 ақпанда өлтірілген ерлі-зайыптылардың қызы да күдікті деп танылғаны белгілі болды.
9 наурызда Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиева Атырауға жеткізілді. Тергеу барысында күдікті Сәрсемәлиев қаза тапқан Наурыз бен Мейрамгүлді – ерлі-зайыптылардың балаларын өлтіргенін мойындады. Олардың мәйіттері Атыраудағы «Геолог» ықшамауданында, Сәрсемәлиев бұрынғы әйелімен бірге жалдап тұрған үйдің ауласынан табылған.


