CaspianLife, 13 мамыр. ІІМ стратегиялық маңызы бар кәсіпорындардағы экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету аясында «Қазақмыс корпорациясы» нысандарында ұйымдастырылған бірнеше ұрлық схемасының жолын кесті. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Ведомство мәліметінше, Ұлытау облысында өткен жылдан бері кәсіпорын аумағынан ұрлық жасаумен айналысқан бірнеше қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде келтірілген шығынның 94,5 пайызы өтелген.
Тергеу барысында жергілікті қылмыстық топтардың жетекшілігімен әрекет еткен адамдардың құрамында бағалы металдар көп кен қорытпаларын ұрлау схемасын ұйымдастырғаны анықталған.
Биыл полицейлер ірі көлемде шығын келтірілген төрт бірдей ұрлық дерегін ашқан.
Сонымен қатар 7 мамыр күні компания аумағынан жанармай ұрлауға қатысты заңсыз әрекеттердің жолы кесілді. Жедел іс-шаралар барысында ұрлықты ұйымдастырды және жанар-жағармай материалдарын сатумен айналысты деген күдікке ілінген адамдар ұсталды.
Полиция мәліметінше, бір тоннадан астам жанармай, ірі көлемдегі ақша, көлік құралдары, оқ-дәрісі бар қару және өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленген.
Тергеу барысында ұрлықтың арнайы техникаға жалған жанармай құю және құжаттарды қолдан жасау арқылы жүзеге асырылғаны белгілі болды. Сондай-ақ күзет құрылымдарының кейбір қызметкерлерінің көмектескені анықталған.
ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс қазіргі уақытта тергеу-жедел іс-шаралары жалғасып жатқанын мәлімдеді.
– Қаржылық-шаруашылық құжаттарға талдау жасалып жатыр. Келтірілген шығын көлемі анықталуда. Алдын ала мәлімет бойынша шығын аса ірі көлемде болуы мүмкін, – деді ол.

