CaspianLife, 8 мамыр. Атырау облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген сауда үстемесін асырған кәсіпкерлерге қатысты әкімшілік шаралар қабылданды.
Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Жансая Дадынның айтуынша, өңірде азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында тұрақты мониторинг жұмыстары жүргізіліп келеді. Әсіресе әлеуметтік маңызы бар тауарларға қойылатын 15 пайыздық шекті сауда үстемесінің сақталуына бақылау күшейтілген.
— Биыл төрт айдың қорытындысы бойынша департамент тарапынан 46 әкімшілік іс қозғалды. Оның ішінде 7 айыппұл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген шекті сауда үстемесін асырған кәсіпкерлерге салынды. Сонымен қатар 39 дерек бойынша сауда нысандарында тауар бағасының көрсетілмеу фактілері анықталды, — деді ол.
Сондай-ақ басшы орынбасары аймақта электрондық шот-фактуралар жүйесі арқылы азық-түлік бағасына талдау жүргізіліп жатқаны туралы атап өтті. Нәтижесінде сауда заңнамасын бұзу тәуекелдері мен өнімсіз делдалдар анықталған.
Бұған қоса облыс әкімдігі жанындағы өңірлік комиссия апта сайын азық-түлік тауарларына баға белгілеу тізбегіндегі делдалдық схемаларды тексеру жұмыстарын жүргізуде. Жыл басынан бері комиссияның 26 отырысы өтіп, 10-ға жуық заңбұзушылық фактісі анықталған.

