Caspianlife, 14 сәуір. Ақтауда «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Түнгі қаладағы балалар» атты рейд ұйымдастырылды. Бұл туралы Caspian News телеарнасы хабарлады.
Іс-шараны Маңғыстау облыстық полиция департаменті ұйымдастырып, оған облыстық жастар ресурстық орталығының мамандары да қатысты. Рейд барысында түнгі уақытта көшеде жүрген кәмелетке толмаған 17 жасөспірім анықталып, оларға құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Ақтау қаласы полиция басқармасы қоғамдық қауіпсіздік бөлімі бастығының орынбасары Нұрлан Рахаевтың айтуынша, мұндай рейдтердің негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу.
– Кезекті рейдтің негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықты болдырмау және алдын алу. Сонымен қатар олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіру. Заңға сәйкес, кәмелетке толмағандар заңды өкілінсіз сағат 23:00-ден кейін үйден тыс жерде жүрсе, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады, – деді ол.
Рейд барысында қаладағы ойын-сауық орындарының бірінде заңсыз жұмыс істеген жасөспірім де анықталды. Тәртіп сақшылары кәсіпкерді де, жасөспірімнің заңды өкілін де жауапкершілікке тартты.
Атап айтқанда, кәсіп иесіне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 132-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, 43 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Ал заңды өкілге аталған кодекстің 442-бабының бірінші бөлігі бойынша 13 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

