CaspianLife, 102 наурыз. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Қазақстан, Өзбекстан және Әзербайжан арасындағы жасыл энергияны өндіру және тасымалдау саласындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімді ратификациялады.
Мәжілістің пленарлық отырысында Ерлан Ақкенженов бұл келісімге үш мемлекеттің басшылары 2024 жылғы қарашада COP29 конференциясы аясында Баку қаласында қол қойғанын атап өтті. Оның айтуынша, құжат тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ауқымды энергетикалық жобалардың бірін жүзеге асыруға негіз қалайды.
Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, бастаманың мәні – Орталық Азиядан Каспий теңізі арқылы Еуропаға экологиялық таза электр энергиясын, сутегі мен «жасыл» аммиакты экспорттауға мүмкіндік беретін «Жасыл энергетикалық дәлізді» құру.
Жобаның негізгі технологиялық элементі – Каспий теңізінің түбімен жоғары кернеулі тұрақты токтың терең суасты кабелін тарту. Бұл стратегиялық шешім Қазақстанға Еуропалық Одақтың электр энергиясы нарығына тікелей шығуға мүмкіндік береді. Ол Қара теңіз арқылы жүзеге асырылатын ұқсас жобамен байланысады.
Қазіргі кезеңде жоба белсенді іске асыру сатысында. Италияның CESI халықаралық консалтингтік компаниясы техникалық-экономикалық негіздеме (ТЭН) әзірлеу жұмыстарын бастады. ТЭН дайындаудың құны шамамен 1 млн еуро деп бағаланып отыр. Бұл шығын толықтай Азия даму банкі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі бөлетін гранттық қаражат есебінен қаржыландырылады. Аталған ұйымдар жобаға қолдау көрсету үшін 2 млн долларға дейін қаржы бөлуге дайын екенін растады.
2025 жылғы 1 шілдеде үш елдің жүйелік операторлары бірлесіп Green Corridor Alliance атты бірлескен кәсіпорын құрды. Бұл ұйым сарапшылар топтарының жұмысын тұрақты түрде үйлестіріп отырады.
Жобаны жүзеге асыру Қазақстанның экспорттық әлеуетін айтарлықтай арттырып қана қоймай, елді тұрақты энергетика саласында ірі технологиялық бастамаларды іске асыра алатын маңызды ойыншы ретінде танытуға мүмкіндік береді.
«Бұл әлемдік жоба Қазақстанды тұрақты энергетика саласындағы сенімді серіктес ретінде танытып, халықаралық энергетикалық дәліздерді қалыптастыруға қатысуына жол ашады. Бірлескен жоба еліміздің экспорттық әлеуетін арттырып, Қазақстанды Еуразиядағы маңызды энергетикалық хабқа айналдыруға ықпал етеді», — деді Ерлан Ақкенженов.
Талқылау қорытындысы бойынша Мәжіліс депутаттары ұсынылған заң жобасын қолдап, оның өңірлік энергетикалық қауіпсіздікті нығайтудағы маңызын атап өтті.

