CaspianLife, 11 маусым. Парламент Мәжілісінде Үкіметтің толық құрамының қатысуымен пленарлық отырыс өтіп, республикалық бюджеттің орындалу қорытындылары қаралды. Жоспар формалды түрде орындалғанымен, табыстарды болжау, салықтық әкімшілендіру сапасы және Ұлттық қор қаражатын пайдалану мәселелері депутаттар мен Жоғары аудиторлық палатаның қатаң сынына ұшырады.
Есепті кезең қорытындысы бойынша республикалық бюджет кірістері 21,4 трлн теңгеге жетіп, жоспардың 99 пайызын құрады. Соған қарамастан, мемлекет қазынасына жоспарланған көлемнен 335,6 млрд теңге кем түсті.
Қаржы министрі Мәди Такиев кірістердің толық орындалмауын сыртқы экономикалық факторлармен байланыстырды.
Оның айтуынша, әлемдік нарықтағы энергия тасымалдаушылар бағасының төмендеуі, экспорт көлемінің қысқаруы және ірі салық төлеушілерден түсетін түсімдердің азаюы негізгі себеп болған.
Сонымен қатар министрлік республикалық бюджеттің меншікті кірістері (Ұлттық қор трансферттерін есептемегенде) бір жылда 17,5 пайызға өсіп, 15,3 трлн теңгеге жеткенін атап өтті.
Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов қаржының игерілуінен гөрі оның нақты нәтижелілігіне назар аудару қажет екенін айтты.
Оның мәліметінше, мемлекеттік сатып алулар аясында квазимемлекеттік сектор субъектілеріне қосымша 1,4 трлн теңге бөлінген. Алайда бюджет қаражатын игеру барысында атқарушылық тәртіптің төмендігі мен нәтижеліліктің жеткіліксіздігі байқалады. Кейбір ұйымдардың бақылау шоттарында игерілмеген қомақты қаражат сақталып отыр.
Сондай-ақ аудит барысында салықтық әкімшілендіруде жүйелі кемшіліктер анықталған. Соңғы төрт жылда салық даулары бойынша сот істерінің жартысынан көбі кәсіпкерлердің пайдасына шешілген. Бұл фискалдық органдар жұмысының сапасын арттыру қажеттігін көрсетеді.
Талқылау барысында министрліктер мен ведомстволардың қаржы жоспарына Парламенттің қатысуынсыз жиі түзету енгізуі негізгі сын нысанына айналды.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов мемлекеттік органдар заңнамадағы мүмкіндіктерді шамадан тыс пайдаланып отырғанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, жаңа Бюджет кодексі Үкіметке бюджет шығыстарын 15 пайыз шегінде Парламенттің қатысуынсыз түзетуге мүмкіндік берген. Алайда кейбір салаларда шығыстар көлемі 59 пайызға дейін өзгертілген. Жалпы сегіз рет түзету енгізілген.
– Бұл бастапқы жоспарлаудың жеткілікті деңгейде пысықталмағанын көрсетеді. Сондықтан болашақта осы норманы қайта қарап, бюджетті түзетудің нақты шектерін белгілеу қажет, – деді Ерлан Қошанов.
Отырыс қорытындысында депутаттар Үкіметке бірқатар ұсыныстар берді.
Атап айтқанда, Ұлттық қор қаражаты тек стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдық және индустриялық жобаларға бағытталуы тиіс. Үкіметке жүзеге асырылып жатқан жобаларға аудит жүргізіп, олардың әлеуметтік-экономикалық тиімділігін бағалау тапсырылды.
Сондай-ақ депутаттар бюджет қалыптастыру кезінде кірістерді асыра көрсетуден бас тартып, макроэкономикалық болжамдарды шынайы әрі консервативті сценарийлер негізінде әзірлеу қажеттігін атап өтті.
Талқылау қорытындысы бойынша Үкіметке қаржылық тәртіпті күшейту, квазимемлекеттік секторға бақылауды арттыру және Ұлттық қор қаражатына шамадан тыс тәуелділікті азайту міндеті жүктелді.

