CaspianLife, 18 қыркүйек. Атырауда тұрғындар электр энергиясы мен жылу тарифінің көтерілуіне қатысты мәселелерді ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Акбаровпен кездесуде көтерді. Жиын барысында атыраулықтар тариф өсімінің себептерін нақты түсіндіруді, шығындардың ашықтығын қамтамасыз етуді және қоғамдық тыңдаулар туралы халықты алдын ала хабардар етуді сұрады.
Атырау облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі Салтанат Рахимова «Атырау Жарық» компаниясының қызметіне қатысты бірқатар мәселені көтерді. Оның айтуынша, кәсіпорынның ұйымдық-құқықтық нысаны өзгергеннен кейін халық үшін ашық есептілік мәселесі туындаған.
«Былтыр «Атырау Жарық» АҚ ЖШС-ке айналды. Халыққа ашық есептілік болмайтын болды. Қазір біз олардың аудиторлық есебін көре алмаймыз. Модернизация жасауға, құрылғыларын дамытуға, жөндеу жұмыстарына бюджеттен қаржы бөлініп отыр. Оған қоса тұтынушы тариф арқылы тағы төлеп отыр. Неге құрылтайшылары мен меншік иелері қаражат жетпей жатса, өз қаржысын салмайды? Неге тарифті көтере береді?» – деді Салтанат Рахимова.
Бұған дейін монополист тарифті көтеру туралы ұсынысын электр энергиясын сатып алу құнының, оны беру және диспетчерлік қызметтердің қымбаттауымен, сондай-ақ сыртқы ұйымдар көрсететін қызметтер бағасының өсуімен байланыстырған.
Жиын барысында қоғам белсенділері бірнеше жыл бұрын құрылған бірыңғай электр энергиясын сату операторының қызметіне де бақылау қажет екенін айтты. Олардың сөзінше, аталған ұйымның электр энергиясын сату бағасының өсуі де тұтынушылар шығынына әсер етеді.
Қоғам белсендісі Балжан Досмұхамбетова тариф белгілеу кезінде компанияның шығындары мен кірістерінің ашық көрсетілуі қажет екенін атап өтті.
«Қашан қаласа, сол кезде көтереді. Ал біз оның шығындары мен кірістерін көргіміз келгенде, оның қандай да бір тараптан реттелмейтіні анықталады. Бұл компанияларды облыс тұрғындары қамтамасыз етіп отыр. Сондықтан мемлекет тарапынан бұған қандай да бір деңгейде назар аудару керек», – деді ол.
Кездесуде тұрғындар электр желілерін жаңғырту жұмыстарына да қатысты пікір білдірді. Олардың айтуынша, жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, апатты ажыратулар мен компания жұмысына қатысты шағымдар азаймаған.
Ал «Атырау Жарық» ЖШС жаңғырту жұмыстары компанияның өз қаражаты есебінен жоспарлы түрде жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
«Қазіргі таңда «Атырау Жарықтың» 22 қосалқы станциясы толықтай реконструкциядан өтті. Әкімдік алып берген 50 трансформатор әкімдіктің желісіне қойылды, «Атырау Жарықтың» желісіне емес. «Атырау Жарық» реконструкция жұмыстарын өз қаржысына жүргізеді, әкімдіктен ақша бөлініп отырған жоқ», – деді кәсіпорынның бас инженері Қуат Сисенғалиев.
Жылу электр орталығына газ жеткізу мәселесі де көтерілді
Жиында Атырау жылу электр орталығына газ жеткізу мәселесі де талқыланды. Бұған дейін Теңізшевройлдан газ жылу электр орталығына тікелей жеткізілсе, биыл тасымалдау тізбегіне «QazaqGaz» ұлттық компаниясы қосылған.
Бұған дейін бұл өзгеріске атыраулықтар қарсылық білдірген еді. Алайда жауапты тұлғалардың айтуынша, 2028 жылға дейін «QazaqGaz» жылу электр орталығына газды арнайы бекітілген баға бойынша сатады. Бағадағы өзгеріс инфляция көрсеткішіне байланысты болады.
«ТШО-дан газды алып келу үшін «Орталық Азия – Орталық» тасымалдау жүйесі бойынша екі мекеменің бағасын қосқанда, бұған дейін газдың бір мың текше метріне ҚҚС-сыз 13 800 теңге төлеп отырсақ, қазір бұл сома 16 мың теңгеден асып отыр. Оның ішінде былтырғы бағамен салыстырғанда инфляциялық қосымша бар.
Премьер-министрдің хаттамасымен арнайы баға бекітілген. Бүкіл Қазақстанда мұндай арнайы баға жоқ. Ол тек Атырау жылу электр орталығына белгіленді. Бұл баға әзірге екі жылға – 2026 және 2027 жылдарға бекітілген», – деді «Атырау жылу электр орталығы» АҚ президенті Мақсот Әленов.
Осылайша, алдағы екі жылда жылу электр орталығы газды белгіленген арнайы баға бойынша сатып алады. Ал 2028 жылдан кейінгі жағдай әзірге белгісіз.
Жылу тарифі 30 пайызға өсуі мүмкін
Айта кетейік, қазан айынан бастап Атырауда жылу энергиясын өндіру, беру, тарату және өткізу қызметтерінің тарифі шамамен 30 пайызға көтерілуі мүмкін. «Атырау жылу жүйелері» ЖШС тариф өсімін жылу желілерін жаңғыртуға бағытталған инвестициялық бағдарламамен байланыстырып отыр.
Кездесу барысында Энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров өңірді жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету, электр энергиясымен тұрақты қамту және жаңа энергетикалық қуаттарды іске қосу мәселелеріне тоқталды.
Оның айтуынша, Атырау облысында 2030 жылға дейін бірқатар энергетикалық нысанды іске қосу жоспарланған.
Нұрбибі ТЕМІРТАСОВА

