CaspianLife, 8 маусым. Әлемдегі табиғат тақырыбындағы контентті насихаттайтын ең танымал әлеуметтік желі парақшаларының бірі — Earth (@earth) аккаунты Маңғыстау өңірінің бірегей табиғи ландшафттарын жариялап, Қазақстанның табиғи мұрасына халықаралық аудиторияның назарын аударды. Парақшаның аудиториясы бүгінде 7,2 миллионнан астам жазылушыны құрайды, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Жарияланым әлеуметтік желі қолданушылары арасында үлкен қызығушылық тудырды. Пікір білдірген көптеген оқырмандар таңғажайып табиғи көріністердің Қазақстан аумағында орналасқанына назар аударып, Маңғыстаудың ерекше табиғатына тәнті болғандарын жазған.
Постта өңірдегі қызыл түсті жер бедерінің қалыптасу ерекшеліктері туралы да айтылған. Мамандардың түсіндіруінше, тау жыныстарының қызыл түске боялуына олардың құрамындағы темір минералдары әсер етеді. Олардың бойындағы ақшыл жолақтар мен сақиналар жер астында тіршілік ететін микроорганизмдердің ұзақ уақыт бойғы табиғи әрекетінің нәтижесінде пайда болған. Ғалымдар бұл табиғи белгілерді ежелгі тіршілік әрекетінің іздері ретінде қарастырады.
Бүгінде мұндай табиғи түзілімдер ғалымдардың ерекше қызығушылығын тудырып отыр. Зерттеушілер оларды Марс ғаламшарындағы ықтимал тіршілік белгілерін анықтауда маңызды көрсеткіштердің бірі ретінде зерттеуде. Себебі Қызыл ғаламшарда жұмыс істеп жатқан зерттеу аппараттары Маңғыстаудағы табиғи құрылымдарға ұқсас белгілерді тіркеген.
Айта кетейік, Маңғыстау өңірі соңғы жылдары әлемдік медиа мен саяхатшылардың назарын жиі аударып келеді. Өңірдің қайталанбас табиғаты, ежелгі тарихи орындары мен ерекше ландшафттары Қазақстанның туристік бренді ретінде халықаралық деңгейде танылып келеді.

