Caspianlife, 8 маусым. Ақтөбе облысы «жасыл» энергетика саласындағы әлеуетін нығайтуды жалғастыруда. Ақтөбе облысы әкімдігінің хабарлауынша, 2026 жылдың мамыр айында италиялық Plenitude Kazakhstan компаниясы ҚР Энергетика министрлігі өткізген қуаты 100 МВт болатын жел электр станциясын салу жөніндегі аукционның жеңімпазы атанды.
Жаңа нысан пайдалануға берілгеннен кейін жылына шамамен 400 ГВт/сағ электр энергиясын өндіреді деп жоспарланып отыр. Жобаны іске асыру 2026–2028 жылдарға белгіленген және түпкілікті инвестициялық шешім қабылданғаннан кейін басталады.
Бұл – италиялық энергетикалық алпауыт Eni компаниясының өңірдегі екінші ірі жобасы. Алғашқысы Ақтөбе облысындағы Бадамша ауылы маңында салынған жел электр станциясы болды. Бұл Eni компаниясының жел энергетикасындағы алғашқы инвестициясы әрі Қазақстан нарығындағы алғашқы жаңартылатын энергия жобасы саналады.
Жуырда Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров «Plenitude Kazakhstan» ЖШС-нің бас директоры Федерико Пульеземен кездесті. Тараптар жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобалардың жүзеге асу барысын, инвестициялық ынтымақтастықтың келешегін және компанияның өңірдегі әлеуметтік бастамаларға қатысуын талқылады.
– Ақтөбе облысы үшін бұл жоба Қазақстан мен Италия арасындағы «жасыл» энергетика саласындағы табысты әріптестіктің жарқын үлгісі. Оның жүзеге асырылуы жаңартылатын энергия көздерін дамыту және тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі стратегиялық міндеттерге толық сәйкес келеді, – деді Асхат Шахаров.
Кездесу қорытындысында тараптар энергетика саласындағы жаңа бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға және «Plenitude Kazakhstan» компаниясының өңірдегі инвестициялық қатысуын одан әрі кеңейтуге дайын екенін растады.

