Солтүстік-Каспий Жобасының операторы Қашаған кен орнын игеруші Солтүстік Каспий жобасының операторы «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» (NCOC) компаниясы COVID–19 пандемиясына байланысты өндіріс қызметі аймағында орналасқан жергілікті қоғамдастыққа көмек көрсетуді тоқтатқан емес.
NCOC компаниясы тамызға дейін Атырау және Маңғыстау облыстарына пандемияға қарсы күрес кезінде 2 500 000 000 теңге қаражат бөлген.
Оның ішінде балалар мен ересектерге арналған өкпені жасанды желдетуге (ӨЖЖ) арналған аппараттар, қарқынды терапияға арналған көпфункционалды кереуеттер, ЭКГ және ынталандыру функциясы бар дефибрилляторлар, портативті ультрадыбыстық аппарат, түрлі анализаторлар, мониторлар, қан сақтауға арналған мұздатқыш аппараты, тепловизорлар және тағы да басқа бұйымдар бар.
Сонымен қатар, өңірлерге дезинфекциялау құралдары мен медициналық персоналға арналған жеке қорғаныш құралдарын, антибиотиктерді, инфузиялық ерітінділерді, зарарсыздандыру құралдарын табыстады.
Бұдан бөлек, компания Маңғыстау облысына үш жедел жәрдем көлігін тарту етті. Ал Атырауға британдық білікті дәрігерлерді кеңес беруге шақырды. Сондай-ақ, балалардың онлайн режимде білім алуы үшін 1 200 компьютер бөлді.
Компания, жергілікті қоғамдастыққа күрделі кезеңде республиканың басқа мұнай-газ кен орындары секілді көмек көрсетуді негізгі міндет деп санайды. NCOC осы уақытқа дейін коронавирусқа қарсы күрес үшін барлығы 9 миллиард теңгеден астам қаражат бөлді.