CaspianLife, 13 ақпан. Ақтөбе қаласында жыл басынан бері 100 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 160-тан астам тұрғын жарақат алған, 7 адам қаза тапқан. Өткен жылы өңірде жол апатынан 130 адам көз жұмған, оның 40-ы шетел азаматтары екен.
Қаралы статистиканың артуына байланысты полиция қызметкерлері жол қозғалысын қатаң бақылауға алған. Әсіресе, апат жиі тіркелетін қауіпті аумақтарға ерекше назар аударылған.
Тәртіп сақшылары шетелдік көліктер мен жолаушылар тасымалдайтын қоғамдық көліктерге тексерісті күшейткен. Жүргізушілердің құжаттары, техникалық жағдайы және жол қозғалысы ережелерін сақтау деңгейі мұқият қадағаланып жатыр.
Полиция департаментінің мәліметінше, апат жиі болатын жол — Самара–Шымкент тас жолы. Аталған трассаның Қызылордаға шығатын бөлігі үшінші санатқа жатады. Бұл жолмен күніне 3 мың көлік өтуі тиіс болса, қазіргі күні 12–16 мың көлік жүйткіп жатыр. Жолдың тарлығы мен көліктің көптігі апат қауіпін арттыруда.
«Қазіргі таңда салу жұмыстары басталды, Ұлғайсын ауылына дейін ұзартылуы мүмкін, оған 3–5 жыл уақыт қажет. Сол уақытқа дейін полиция қызметкерлерінің саны 5-тен 11 жасаққа көбейтілді. Тоғыз жолдың торабы Қарабұтақ ауылының қасында 100 автокөлікке арналған тұрақ салынды», — деді Ақтөбе облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ардана Саймағамбетов.
Сонымен қатар, облыстық полиция департаменті жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін заманауи технологияларды кеңінен қолдануда. Қазіргі таңда ұшқышсыз ұшу аппараттары, бейнебақылау жүйелері және жол бойына орнатылған автоматты фиксация камералары арқылы жол қозғалысы тәулік бойы бақылауда.
(Caspian News телеарнасы)

