CaspianLife, 9 шілде. Субұрқақтар – қаланың көркі. Олар ауаны ылғалдандырып, көз қуантады. Бірақ бір нәрсені есте ұстаған жөн: субұрқақтар шомылуға арналмаған.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті ескертеді: бассейндерден айырмашылығы, субұрқақтарда су сүзгілеу және тазарту жүйесі жоқ. Сондықтан мұндай су – вирустар мен бактериялар үшін таптырмас орта. Субұрқақтарға көбіне құстар мен жануарлар кіріп, суды одан сайын ластайды. Ондай суда жедел ішек инфекцияларының қоздырғыштары болуы мүмкін:
— энтеро- және ротавирустар,
— ішек таяқшасы,
— сальмонелла мен шигелла (дизентерия),
— А гепатиті вирусы.
Инфекциядан бөлек, субұрқақтарда су айдайтын құрылғылар мен электр желілері болуы мүмкін – бұл, әсіресе балалар үшін, тоқ соғу қаупін тудырады.
Өзіңіз бен балаңызды қалай қорғауға болады?
-
Субұрқақта шомылмаңыз, зат жумаңыз.
-
Қыдыруға шыққанда өзіңізбен бірге таза су алып жүріңіз – сергіп алу немесе қол мен бетті шаю үшін.
-
Тек арнайы жабдықталған су айдындары мен бассейндерде шомылыңыз.
«Ата-аналар, балаларыңызға субұрқақтың шомылуға арналмағанын түсіндіріңіз. Денсаулығыңызды қатерге тікпеңіз. Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз», – деп ескертеді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті.