Қаладағы ықшамаудандардың бірінде жоғалған сәби бір тәуліктен кейін табылды. Полицейлердің сөзінше, кішкентай Азиза туысқанының жанында болған.
Ерлан АЙТЖАНОВ, қыздың әкесі:
– Қызым кеше жоғалып кетті. 102 қызметкерлері, волонтерлар – барлығы жұмылып тауып берді. Бәріне көп көп рахмет. Алғысым шексіз.
Бізге белгілі болғандай, баланы әкеткен келіншек ата-анасы үйде жоқ кезде қарайласуға көмектесіп тұрады. Бірақ мына әрекетіне не итермелегені белгісіз. Сәбидің әке-шешесі перзентін өздері іздеп таппақ болған. Нәтиже шықпаған соң уайымдай бастапты.
Ерлан БИҒАМБАЕВ, Атырау қалалық ПБ бастығының бірінші орынбасары:
– Қазіргі уақытта табылған бала үйіне әкелінді. Апасын полиция басқармасына апарып, сол жерде қандай шешім қабылданатыны жөнінде кейін хабарлайтын боламыз.
Қазір баланың денсаулығына еш қауіп төніп тұрған жоқ. Іздестіру жұмыстарына еркін топтар, полицейлер және «Қызыл ай» еріктілері жұмылдырылды.
Соңғы уақыттары Атырау қаласында балалардың жоғалу дерегі көбейіп тұр. Жарты жылдың өзінде осындай 21 жағдай тіркелген. Ал полицейлер ата-аналарға балаларын қараусыз қалдырмауды ескертеді.