Caspianlife, 13 маусым. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Антикор) туризм және спорт министрлігімен бірлесіп өткен жылы спортты қаржыландыру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау нәтижелері бойынша мәлімдеді.
Антикордың баспасөз қызметінің хабарлауынша, талдау нәтижелері отандық спорттың дамуына және әлемдік ареналарда жоғары жетістіктерге жетуіне кедергі келтіретін жүйелі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің бар екенін көрсеткен.
«Кәсіпқой клубтар өз спорттық инфрақұрылымын салудың орнына қаржыны басшылыққа жоғары жалақы төлеуге, легионерлерге жасалатын төлемдер арқылы қаражат шығаруға, оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыруға жұмсаған», – делінген Антикор хабарламасында.
Талдау нәтижесінде спортты дамыту басымдықтарын қайта қарау, оқу-жаттығу жиындарын өткізуге бақылауды күшейту, кәсіпқой клубтар мен федерациялардың бюджеттерін қысқарту, қаржыландыруды орталықтандыру және цифрландыруды енгізуге бағытталған 50-ден астам ұсыныс әзірленді.
Ұсыныстар негізінде 2024 жылдың желтоқсанында және 2025 жылдың наурызында бірқатар салалық ережелерге өзгерістер енгізілді. Енді мемлекет тарапынан қаржыландыру алу үшін кәсіпқой футбол клубтарында балалар-жасөспірімдер және жастар футболы бөлімшелерінің, жасөспірімдер командаларының, оқу-жаттығу өткізуге арналған стадиондар мен нысандардың болуы міндетті. Оқу-жаттығу жиындарына бақылау күшейтіліп, өткізу лимиті белгіленді.
Агенттік ұсынған ұсыныстарға сәйкес, 2025 жылғы 15 сәуірде «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңға толықтырулар енгізіліп, кәсіпқой спорт клубтарын ұстауға бөлінетін бюджет қаражатының лимитін бекіту және Қазақстан Республикасы азаматы болып табылмайтын спортшыларды бюджет есебінен қаржыландыруға тыйым салу бойынша Туризм және спорт министрлігінің құзыреті бекітілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында кәсіпқой спортты, соның ішінде футбол клубтарын қаржыландыру 6,7 млрд теңгеге (60,5 млрд-тан 53,8 млрд теңгеге дейін) қысқартылды. Спорттық іс-шараларға және жалақыға қосымша төлемдерге негізсіз жұмсалған 1,3 млрд теңге бюджетке қайтарылды. Тиімсіз басқарудың салдарынан он бір спорт нысаны мемлекеттік мекемелердің балансына берілді. Қабылданған шаралар отандық спортты және жас буынның спорттық әлеуетін дамытуға бағытталған.