Caspianlife, 27 мамыр. Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстандық «Air Astana» әуе компаниясы 27 мамырдан бастап Атырау – Тбилиси бағыты бойынша тікелей әуе қатынасын ашты. Рейстер аптасына үш рет орындалады.
Бүгін таңертең CaspianLife оқырмандары редакцияға Грузия астанасы Тбилисидің халықаралық әуежайында Атыраудан келген алғашқы әуе рейсінің салтанатты түрде қарсы алынғаны жөнінде хабарлама жолдады. Қонақтарды ресми делегация мен жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары қарсы алған. Бұл рейстің маңыздылығын көрсету үшін ұшақтың жанынан өрт сөндіру көліктері су бүркіп, трап жанында салтанатты түрде қызыл лента қиылған. Әуежай ғимаратында қонақтар үшін фуршет пен концерттік бағдарлама ұйымдастырылған.
Еске салсақ, биылғы ақпанда «Air Astana» әуе компаниясы 27 мамырдан бастап Атыраудан Тбилисиге тікелей рейстер ашылатынын хабарлаған болатын. Ұшулар аптасына үш рет – сейсенбі, жұма және жексенбі күндері жайлы Airbus ұшақтарымен жүзеге асырылады.
«Air Astana» компаниясының баспасөз қызметінің мәліметінше, ұшу ұзақтығы – 1 сағат 50 минут. KC125 рейсі Атыраудан таңғы сағат 08:00-де ұшып шығып, Тбилисиге жергілікті уақыт бойынша 08:50-де қонады. Ал кері бағыттағы KC126 рейсі Тбилисиден сағат 09:50-де ұшып, Атырауға 12:40-та жетеді. Эконом-класта екі жаққа билет бағасы барлық алымдармен бірге 113 375 теңгеден басталады, ал бизнес-класс билеті – 308 081 теңгеден жоғары. Билеттерді әуе компаниясының ресми сайтынан немесе уәкілетті агенттіктер арқылы сатып алуға болады.
Жаңа бағыттың іске қосылуымен, Air Astana компаниясының жазғы кестесінде Тбилисиге аптасына 15 рейс орындалады: Алматыдан – 9 рет, Астанадан – 3 рет, және Атыраудан – 3 рет. Қазақстан азаматтары Грузияда визасыз бір жылға дейін бола алады.