CaspianLife, 22 сәуір. «ҚазТрансОйл» АҚ өндірістік бөлімшелері мен орталық аппаратында жаңа кадрлық тағайындаулар болды.
Компанияның баспасөз қызметі хабарлағандай, жаңадан тағайындалған басшылар өндірістік сатылардың барлық кезеңдерінен өтіп, көп жыл бойы кәсіби шеберлік пен өз ісіне адалдық танытып келеді. Олардың өндірістік процестерді терең түсінуі мен тәжірибесі компанияның әрі қарай дамуына үлес қосады.
«ҚазТрансОйл» АҚ Атырау мұнай құбыры басқармасының басшысы қызметіне Еркен Сүйіндіков тағайындалды. Мұнай құбыры саласындағы жалпы еңбек өтілі — 27 жыл. Бұл тағайындауға дейін Павлодар мұнай құбыры басқармасының басшысы қызметін атқарған. Бұған дейін Шымкент мұнай құбыры басқармасының бас инженері, 2018–2023 жылдары Павлодар мұнай құбыры басқармасы өндіріс бойынша басшының орынбасары, «Ақтау» басты мұнай айдау станциясының басшысы, Маңғыстау мұнай құбыры басқармасының басшысы, Шығыс филиалының пайдалану бөлімінің бастығы, Маңғыстау мұнай құбыры басқармасының еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы бойынша техникалық жетекшісі болып қызмет атқарған.
Еңбек жолын 1998 жылы «ҚазТрансОйл» АҚ Батыс филиалында 4-разрядты металлизатор болып бастаған.
Білімі жоғары — Түрікмен политехникалық институтының «Химиялық өндіріс және құрылыс материалдары кәсіпорындарының машиналары мен аппараттары» мамандығы бойынша инженер-механик дәрежесін алған. Сонымен қатар, Инновациялық Еуразия университетінің «Іскерлік басқару» мамандығы бойынша магистр дәрежесі бар.
«Еркен Сүйіндіковтың ротациясы – тиімді шешімдер қабылдау мен өндірістік нәтижелілікті арттыруға бағытталған корпоративтік тәжірибенің маңызды бөлігі. Оның көпжылдық әрі жан-жақты тәжірибесі компанияның негізгі бөлімшелерінің бірінің орнықты дамуына ықпал ететіні сөзсіз», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ, Марлен Төлегенов «ҚазТрансОйл» АҚ пайдалану департаментінің директоры болып тағайындалды. Мұнай тасымалдау саласындағы еңбек өтілі — 25 жыл. Бұған дейін Атырау мұнай құбыры басқармасының басшысы қызметін атқарған.
2018–2024 жылдары Атырау және Маңғыстау мұнай құбыры басқармаларының бас инженері, 2016–2018 жылдары Атырау мұнай құбыры басқармасының өндіріс жөніндегі басшысының орынбасары болған. 2010–2016 жылдары «ҚазТрансОйл» АҚ тасымалдау департаментінің бас менеджері, сондай-ақ әр жылдары Батыс филиалының су есебі және жеткізілімі бөлімінің басшысы, Атырау мұнай құбыры басқармасына қарасты НПС «Атырау» ПСП басшысы және инженері болып жұмыс істеген.
Еңбек жолын 2000 жылы «ҚазТрансОйл» АҚ-да Атырау мұнай құбыры басқармасына қарасты НПС «Атырау» станциясында мұнай сақтау резервуарларын қараушы болып бастаған.
Білімі жоғары — Атырау мұнай және газ институтын «Газ және мұнай құбырлары мен қоймаларын жобалау, салу және пайдалану» мамандығы бойынша тәмамдап, инженер-механик біліктілігін алған.