Caspianlife, 7 сәуір. «QazaqGaz» ұлттық компаниясының басшылығы Қашағанда жылына 1 млрд м³ газ өңдейтін зауыттың құрылыс барысын апта сайын бақылауда.
«QazaqGaz» ұлттық компаниялар тобының ресми Telegram-арнасының мәліметінше, қазіргі таңда құрылыс алаңында 1 300-ден астам адам жұмыс істеп жатыр, сондай-ақ 200-ге жуық техника тартылған. Алаңда тұрақты түрде аудиттер жүргізіліп, өндірістік бақылаудың бес сатылы жүйесі енгізілген. Барлық жұмысшылар жеке қорғаныс құралдарымен, тәулік бойы медициналық көмекпен және жазатайым оқиғалардан сақтандырумен қамтамасыз етілген. Өрт қауіпсіздігі мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет күшімен қамтамасыз етіледі.
Құрылыс және монтаж жұмыстарының қазіргі барысы:
— Құрылысқа инертті материалдарды жеткізу жалғасуда;
— Іргетас жұмыстары: 38 884 м³ (58%)
— Жабдықтарды монтаждау: 2 218 тонна (22,1%)
— Металл конструкцияларын орнату: 2 554 тонна (13,2%)
— Жерасты құбырларын орнату: 12 193 м (30%)
«Қашағандағы газ өңдеу зауытының құрылысы жоспарға сәйкес жалғасып жатыр. Жобаны уақытында аяқтау үшін қосымша ресурстар тартылды», — делінген хабарламада.