CaspianLife, 28 қаңтар. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның барлық өңірлерінде мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторлары 2 695 тексеріс жүргізді, оның ішінде 741-і профилактикалық бақылау, 751-і жоспардан тыс тексеру, 1 203-і прокуратураның талаптары бойынша жүзеге асырылған.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, тексеріс нәтижелері бойынша анықталған заңбұзушылықтарды жою жөнінде 1 087 нұсқама беріліп, жалпы сомасы 230,3 млн теңгені құрайтын 973 әкімшілік айыппұл салынды.
Мемлекеттік бақылау келесі нысандарды қамтыды: әкімдіктер – 178, жергілікті атқарушы органдардың бөлімдері мен басқармалары – 112, мемлекеттік мекемелер – 117, балабақшалар – 470, мектептер – 805, колледждер мен лицейлер – 145, ауруханалар мен емханалар – 89, арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары – 101, оңалту орталықтары – 11, дүкендер – 22, сауда үйлері – 39, ЖК – 50, мәдениет үйлері – 12, архивтер мен мұражайлар – 13, банктер – 12, кафелер, мейрамханалар мен қонақүйлер – 33, нотариустар – 4, санаторийлер – 8, «Қазпошта» АҚ бөлімшелері – 9, полиция бөлімдері – 8, стоматологиялар – 4, автобус парктері, авто/теміржол вокзалдары мен әуежайлар – 9, кітапханалар – 4, балалар-жасөспірімдер спорт мектептері – 16 және басқа да нысандар.
«Мысалы, Атырау облысы бойынша халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің департаменті мүгедектігі бар адамдар қоғамдық бірлестігінің өтініші негізінде мейрамханада мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімділіктің болмауына байланысты жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесінде аталған субъект әкімшілік жауапкершілікке тартылып, анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама енгізілді», – деп мәлімдеді министрлік.
Сонымен қатар, қазақстандықтар әлеуметтік инфрақұрылымды мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін бейімдеу бойынша оң өзгерістерді атап өтті.
«Қаламызда мүгедектігі бар азаматтар үшін қызметтерге қол жетімділік бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жақсы. Мысалы, Атырау қаласындағы Халық банкінің филиалында тактильді көрсеткіштер, мнемосұлбалар қойылып, кіреберіс есіктер кеңейтіліп, кедергілер алынып тасталған. Сонымен қатар, ғимаратқа еш кедергісіз кіріп, қызмет алуға болады, себебі мұнда өте ыңғайлы пандус орнатылған», – деп атап өтті екінші топ мүгедектігі бар Атырау қаласының тұрғыны Кенжебай Мұратов.
Министрлік еске салғандай, 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда Әлеуметтік кодекс күшіне енгеннен кейін мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторларының институты енгізілді. Олардың құзыретіне мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік қорғалуы, арнайы әлеуметтік қызметтер мен әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнаманың сақталуын бақылау кіреді.
Дереккөз: www.caspianlife.kz
Көрнекі сурет: CaspianLife редакциясының мұрағатынан