CaspianLife, 22 қаңтар. Атырау қаласында құмар ойындарға тәуелділікке (лудомания) қарсы күрес мақсатында арнайы меморандумға қол қойылды. Бұл бастама «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында жүзеге асырылып, қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған, — деп хабарлады Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің өкілдері «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында облыстық білім беру басқармасы және қалалық білім бөлімі басшылығының қолдауымен орта мектеп оқушыларына «қаржылық сауаттылық» бағытында өткен дәріс сабақтарына қатысып, пікір білдіріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Аталған жиынға 150-ден аса білім беру ұйымының өкілдері, ұстаздар мен жауапты мамандар қатысты.
Меморандумға Атырау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Данияр Тұрғанбаев пен қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенова қол қойды.
— Бұл келісім лудоманияның алдын алу, қоғамдық ақпараттандыру деңгейін арттыру және тәуелділікке тап болған адамдарға көмек көрсету шараларын қамтиды. Іс-шаралар жоспары аясында мектептер мен жоғары оқу орындарында тренингтер мен семинарлар ұйымдастыру, тәуелділікке қарсы бейнероликтер әзірлеу, сондай-ақ оқушылар мен ұстаздар арасында анонимді сауалнамалар өткізу жоспарланып отыр, — деді департамент басшысы Д.Тұрғанбаев.
Ұйымдастыру-бақылау басқармасының басшысы Бекболат Анесовтің сөзінше, аталған меморандум аясында жыл басынан бері қаладағы алты мектепке түсіндірме жұмыстары жүргізілген.
— Бұдан бөлек жыл соңына дейін қаладағы және облыстағы барлық мектепті аралай отырып, түсінік жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Жалпы департаментпен осы бағытта әрқашанда талдау жұмыстары жүргізіліп отырады. Өткен жылдың нәтижесі бойынша онлайн интернет желісінде заңсыз түрде ашылған ойынның 1087 сілтемесі бұғатталды. Сонымен қатар облысымызда «Жаңа өмір» психологиялық қолдау орталығы бар. Орталық ашылғаннан бері ойынқұмарлық дертімен бір жарым жылда 110 азамат көмекке жүгініп, оның 60-ы ем алып жаңа өмір бастаған, — деді Б.Анесов.