CaspianLife, 31 наурыз — Астраханнан келген ресми делегация аймақтық кәсіпкерлік басқармасының өкілдерімен кездесті деп хабарлайды сaspianlife.kz.
Екі жақ Атырау мен Астрахань облыстарындағы кәсіпкерлік субьектілерінің қарым-қатынасын дамыту мәселесін талқылады. Қонақтар жиналғандарға өздеріндегі бизнес саласы, әлемдік нарыққа шығу, тауарды өткізу туралы айтты.
«Саудамызды, кәсібімізді жандандыруымыз қажет. Біз қазір бір-біріміздегі кәсіпкерлік саласы туралы жөнді білмейміз. Сондықтан Астрахань сауда-өндірістік палатасының базасында қазақстандық кәсіпкерлер үшін, ал Атырау жерінде ресейлік кәсіпкерлер үшін шұғыл желі ашу мәселесін талқыладық. Бұл екі жақты қарым-қатынасты нығайту мақсатында жасалған алғашқы қадам болмақ. Бұдан кейін бірігіп кәсіп ашуға, жәрмеңке өткізуге қатысты ұсыныстар да көбейетін болар деп ойлаймын»,-деді “Астрахань сауда-өндірістік палатасының” президенті Станислав Синченко.
Жиын соңында ресейліктер атыраулық кәсіпкерлермен бірігіп жұмыс істеу – нәтижелі болады деген пікір білдіріп, тараптар бір-біріне естелік сыйлықтар табыстады.