CaspianLife, 29 сәуір — Атырауда 12 миллион теңге тұратын сынып бөлмесін 1 миллиардқа сатып алмақ болған мектеп әкімшілігі мән-жайды түсіндірді. Мақат ауданына қарасты Бержан Қанатбаев атындағы орта мектеп басшылығы қыздарға арналған технология кабинетін 1 миллиард теңгеге сатып алуды жоспарлаған. Мұны сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті анықтады. Ал бұл жайтты мектеп әкімшілігі былай деп түсіндірді.
«2021-2022 оқу жылында мектебімізде қыз балаларға арнап 12 млн қыз балалардың технология кабинетін сатып алу жоспарланған болатын. Осы кабинетті сатып алуда арнайы порталға жүктеген уақытта мектептің экономист маманының тарапынан қателік жіберіліп, сол порталға млрд теңге көлемінде жүктеліп кеткен. Сол қателікті маман 15 сәуір күні анықтап кемшілігін жойған болатын», — дейді мектеп директоры.
Жалпы өңірде мұндай сыныпты жасақтау үшін кем дегенде 7 миллион теңге керек екен. Ұсыныс хатты қарау қорытындысы бойынша порталда көрсетілген сома 12 млн теңге деп өзгертілді.