CaspianLife, 17 наурыз — Жаңаөзендік өрт сөндірушілер жалақыларын көтеріп, EXPO-2017 көрмесін өткізу үшін зейнетақы жинақтарынан алынған қаражатты қайтаруды сұрады.
«Өздеріңіз білетіндей, қазір Жаңаөзен қаласындағы барлық мекеме жұмысшыларының жалақысын көтеруде. Азаматтық қорғаныс саласы қызметкерлерінің еңбекақылары жыл сайын көтерілгенмен бірінші қажеттіліктегі тауарлар, коммуналдық қызметтер мен жалдамалы пәтерлер ақысы да жыл сайын өсіп жатыр. Өрт сөндірушілера алатын 130 мың тг жалақы бұл шығындарды өтеуге жетпейді. Басқа құқық қорғау органдарына қарағанда, біздің жұмысымыз әлдеқайда қиын. Өрт сөндірушінің қоғамдағы статусының төмендеп кеткен», — дейді жұмысшылар Президентке жолдаған үндеуде.
Айтуларынша, Үкіметте азаматтық қорғаныс саласы қызметкерлерін әлеуметтік қамту мәселесі талай рет көтерілгенімен, осы күнге дейін нақты шешім шықпай отыр.
«Азаматтық қорғаныс саласы қызметкерлерінің статусын әскерилермен теңестіруді, жалақымызды көтеруді, Маңғыстау облысындағы экологиялық жағдайдың нашарлығын ескере отырып, Қызылорда мен Түркістан облыстарындағы сияқты еңбекақымызға үстемақы қосуды сұраймыз. Коммуналдық қызметтерді төлеу үшін берілетін өтемақы 2005 жылдан бері өскен жоқ. 2022 жылғы есептік көрсеткіштерді ескере отырып, өтемақыны көбейтуді сұраймыз. 2017 жылы өткен EXPO көрмесіне өз зейнетақы жинағымыздағы қаражаттан 50% аудардық. Көрме аяқталғаннан кейін қайтарып береміз деді. Ақшамызды әлі алған жоқпыз. Уәде бердіңіздер, енді қайтарыңыздар. Осы талапатарымызды орындауды және осы үшін бізді немесе біздің басшылықты қудаламауды сұраймыз», — деді өрт сөндірушілер бейнежазбада.
Еске сала кетейік, бұған дейін осыған ұқсас өтінішпен Ақтау қаласының өрт сөндірушілері де Президентке үндеу жолдаған болатын.