CaspianLife, 28 желтоқсан — Атырау облысында шуға айналған Абай ескерткішіне бөлінген қаражат туралы дау басылар емес. Мәселен, Атырау облысында 145 миллион теңгеге бағаланған дәл осындай монументті Павлодар қаласының әкімдігі 55 миллион теңгеге орнатқан
Екі ескерткіштің де техникалық ерекшеліктерінде айырмашылық жоқ. Тіпті тапсырысты да бір компания орындаған. Ал авторы мүсінші Асқар Нартов.
Павлодардағы орталық алаңға былтыр қойылған Абай ескерткішінің биіктігі 10 метр, қоладан жасалған монументтің құны 55 миллион теңге. Ал Атыраудағы жақын күндері ашылуы тиіс 145 миллион теңгеге бағаланған биіктігі 11 метр болатын қоладан тұрғызылған бұл ескерткіш те Асқар Нартовтың қолынан шыққан. Екі мүсіннің де тапсырысын алған «Балқыту» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Десе де екі ескерткіштің бағасындағы үлкен айырмашылықтың қайдан шыққаны түсініксіз.
Ұлы ақынның мүсінін орнату туралы шешім шығарған Атырау облысы Мәдениет басқармасындағылар бұған тапсырыс беруші қалалық мәдениет бөлімі. Сондықтан құнының қымбаттығына біз жауапты емеспіз деп отыр. Ал бөлімдегілер жобаны да, соманы да шешкен сол басқармадағы комиссия дейді.
Желтоқсан айының басында Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев Абай ескерткішіне бөлінген қаржынының бір бөлігін алмақ болды деген күдікке ілінген еді. Қазіргі таңда іске қатысты тексеру шаралары жүріп жатыр.