CaspianLife, 27 қыркүйек — 21-26 қыркүйекте Солтүстік Қазақстан облысы Лебяжье ауылында құс тұмауынан 1000-нан аса құс өлген.
Облыстық ветеринария басқармасының хабарлауынша, диагнозды ветеринария бойынша ұлттық референттік орталық қойған. Аурудың себебі — үй құсы мен жабайы суда жүзетін құстардың байланысы.
«Эпизоотологиялық тексеру жүргізілді. Ауру жұқтырғандардың көбі шілде-тамыз айларында сатып алынған 2-3 айлық жас құстар. Карантин енгізу бойынша іс-шаралар жүргізілуде. Құстардың өлекселері өртелді», — деді ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Олжас Болыспаев.
Басқарманың баспасөз қызметі құстардың иелерінің шығындары өтелетінін атап өтті. Құс тұмауының таралуын болдырмау мақсатында аймаққа 1,2 миллион доза вакцина бөлінді. Қазіргі уақытта оны 938 мың бас, оның ішінде Лебяжье ауылында бір жарым мыңнан астам құсқа егіліпті.