CaspianLife, 05 тамыз — Коронавирустың ауыр ағымы ерлердің репродуктивті денсаулығына әсер етуі мүмкін. Атап айтқанда, сперматозоидтардың сапасы мен саны төмендейді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы директорының клиникалық және ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ләззат Ералиева ОКҚ брифингінде мәлімдеді.
Оның айтуынша, ұрықтандыру орталықтарында коронавирустық инфекциядан кейін ерлерде үш-төрт ай ішінде сперма болмаған бірнеше ұқсас жағдай тіркелген.
«Өкінішке орай, мұндай статистика бар. Ұрықтандыру орталықтарында балалы болуға дайындалып жатқан адамдар тексерістен өтіп жатқанын білемін. Соның нәтижесінде коронавирустық инфекциядан кейін адамдарда, атап айтқанда, ер адамдарда азооспермиясы, яғни сперматозоидтары жоқ екендігі анықталды. Үш-төрт айдан кейін жағдай жақсарады, бірақ сперматозоидтардың саны ауырғанға дейінгі көрсеткішке қарағанда әлдеқайда төмен. Қазір мұның бәрі зерттелуде.», — деді Ералиева.
Сонымен қатар, Ләззат Ералиева коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинацияға арналған препараттар жүкті әйелдердің репродуктивті денсаулығына және баланың дамуына теріс әсер етпейтінін айтты.