CaspianLife, 1 шілде — 30 маусымда желіде «Кезби» ЖШС қызметкерлерінің ереуілдері туралы видео пайда болды. Жұмысшылар еңбек жағдайларына наразы болды, атап айтқанда, олар жалақыны көтеруді және тарифтік кестені қайта қарауды талап етті.
Одан бөлек, ереуілге шыққан қызметкерлер жабдықты қажетті стандарттарға сәйкестендіруді, мереке күндері жұмыс істегені үшін жалақы, он үшінші жалақы және зиянды жұмыс үшін өтемақы төлеуді де талап етіп отыр.
«Кезби» жұмысшыларымен сөйлесуге Жаңаөзен әкімінің орынбасары Ғалым Байжанов келді. Ол қызметкерлердің талаптарын зерделеу үшін төрелік комиссия құрылатынын мәлімдеді.
«Бүгін компанияның 150-180 қызметкері өз жұмысын тоқтатты. Олардың еңбек жағдайлары бойынша өз талаптары бар. Оқиға орнына Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибагаров, еңбек инспекциясының қызметкерлері, прокуратура мен полиция келді. Төрелік комиссия құрылады, ол «Кезби» ЖШС қызметкерлерінің талаптарын қарап, болған оқиғаның себептерін анықтайды. Мұның бәрі заң аясында өтеді», — деді ол.
Еске салсақ, бұған дейін де «Мұнайтелеком» компаниясының мұнайшылары мен «Фиркрофт» ЖШС қызметкерлері де жалақыны көтеруді талап етіп наразылық акциясына шыққан болатын.