Пара алды деген күдікке ілінген Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Серік Қамидоллоға халық қолдау көрсетуде.
Сот алдына жиналған қауым сот орындаушысын қоршауға алып, одан шенеунікке қатысты нақты айғақтарды көрсетуді талап етті. Алайда ол көліктен түспеді.
Айта кетейік наурыздың 25-і күні облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Серік Қамидоллоға сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметкерлері ҚР ҚК-нің «бірнеше рет пара алу», «Қомақты мөлшерде пара беру» және «Алаяқтық» баптары бойынша айып таққан еді. Дегенмен жиылғандар мұны жабылған жала деп отыр.
Ләззат ҚУАТБАЕВА, Атырау қаласының тұрғыны
Осы әлеуметтік желі қалай басталғалы бері ештеңеден қорықпай бәрін еркін көрсетіп отырған жігіт. Ұрлығы бар адам олай көрсете ала ма? Ұрының арты қай уақытта да қуыс болады. Біздің талабымыз — біз бостандық сұраймыз. Орынына келтірер келтірмес оны мемлекет шешеді. Бірақ пара алды деген жаланы жаппасын.
Әр ауданнан ат терлетіп келген халықтың талабы біреу. Азаматты қызмет орынына қайтармаса да, атына кір келтірмесін дейді олар. Бұл жайтқа байланысты Серік Қамидолланың жұбайы да өз пікірін білдірді.
Гауһар АСАНОВА, С.Қамидолланың жұбайы
25 — і күні таңертең 8-де 5 адам кіріп келді. Екеуі куәгеріміз деді. Үйді тінтиміз. Іздейтіні ақша, гүлдер, технодомның паспорты, тағы бір купон дейме тағы бірдеңелер. Бүкіл үйдің ішін, киімді, шкафты қарады. Тек қана менің шкафымнан мерси шоколадын қарады. Онда 22-сі күні мамама барғанда алған шоколадты болмау керек деп, пакетке салып мөрлеп алып кетті. Одан басқа айғақ жоқ деп хаттама толтырылып қол қойды.
Кешкі сағат 5 тер шамасында сот алдына жиналған халық кейін қаулыны естімекке қалалық полиция бөлімі ғимаратына келді. Арбаға таңылған баласын жетектеген аналар да шенеунікке қатысты шешімді сол жерде тапжылмастан күтті. Ал күдіктінің адвокаты әзірге нақты айғақтардың жоқтығын айтып отыр.
Нұрлан ЖОЛБОЛОВ, адвокат
Ешқандай дәлелін тапты деп айта алмаймыз. Тексеріс жүргізілуде. Бірақта дәл қазіргі уақытта Серік Қамидолланы ешкім қолымен ұстаған жоқ. Оның барлығы қазір болжау ретінде жүріп жатыр. Әлі де көптеген тергеу әрекеттері жүргізілуі ықтимал.
Ұсталғалы бері уақытша тергеу абақтсында отырған Серік Қамидолла сотқа дейін үй қамаққа шығарылды. Айтпақшы, пара алды деген күдікке ілінген шенеунікті халықтың жаппай қолдауы Атырауда алғаш рет болып отыр.