Caspianlife, 9 қыркүйек. «NCOC» компаниясынан 2,3 трлн теңге өндіріп алу бойынша атқарушылық іс жүргізу уақытша тоқтатылды. Бұл ақпарат Атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде жарияланды.
Ақпараттық жүйедегі мәліметке сәйкес, мұнай-газ компаниясына қатысты іс 21 шілдеде қозғалған. Бұған «North Caspian Operating Company» компаниясының қомақты айыппұлмен келіспей, халықаралық арбитраж рәсімдеріне жүгінуі себеп болған.
Атқарушылық іс жүргізу 7 қыркүйекте тоқтатылды.
ҚР Әділет министрлігінің мәліметінше, Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты NCOC-тың мемлекеттік сот орындаушысының әрекетіне қатысты шағымына байланысты атқарушылық іс жүргізу материалдарын сұратқан.
ҚР Әділет министрлігі:
«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңның 42-бабы 13) тармақшасына сәйкес, сот іс жүргізу материалдарын сұратқан жағдайда, олар қайтарылғанға дейін атқарушылық іс жүргізу тоқтатыла тұрады. Осылайша, NCOC компаниясынан мемлекет пайдасына қаражат өндіріп алу жұмыстары заңда белгіленген тәртіппен жалғастырылады».
Нұрбибі ТЕМІРТАСОВА

