CaspianLife, 9 қыркүйек. Атырауда креативті индустрияға қызығушылық танытқан жастардың басын қосқан «Saraishyq Upgrade» халықаралық жастар форумы өтіп жатыр. Биыл алтыншы рет ұйымдастырылған шараға Қазақстанның 15 өңірінен және шетелден 300-ден астам жас қатысуда.
Форумға қатысуға биыл мыңға жуық адам ниет білдірген. Іріктеу нәтижесінде олардың ішінен 300-ден астам жас таңдалды. Қатысушылар қатарында Ресейдің Астрахань облысы, Өзбекстан, Әзербайжан және Грузия өкілдері бар.
Шараның басты мақсаты – жастарға креативті индустрия саласында жаңа білім беріп, өз жобаларын дамытуға мүмкіндік жасау. Биыл форум бағдарламасы алты негізгі бағытты қамтиды. Олар – кинематография, маркетинг, музыка, event, хореография және жасанды интеллект.
Қатысушылар маркетинг бойынша жобаны ілгерілету мен серіктестік орнатудың жолдарын үйренеді. Музыка бағытында аранжировка жасауға ден қойылса, кинематографияда идеядан бастап дайын контентке дейінгі өндіріс кезеңдері түсіндіріледі. Event бағытында іс-шара ұйымдастыру мен команда менеджментінің қыр-сыры көрсетіледі. Ал хореография мен жасанды интеллект бойынша жастар практикалық сабақтарға қатысып, жаңа дағдыларын жетілдіреді.
Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов креативті индустрияны өңір экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік беретін перспективалы бағыттардың бірі ретінде атап өтті.
«Атырау облысы – елдегі жетекші индустриялық өңірдің бірі. Мұнай-газ саласы экономиканың негізгі тірегі болып қалады. Креативті индустрияны да перспективалы бағыттардың бірі ретінде қарастырамыз. Бүгінде облысымызда дизайн, қолөнер, кино, музыка, медиа, сән, IT және басқа да бағыттарда еңбек ететін 150-ге жуық креативті индустрия өкілі бар», – деді облыс әкімі.
Оның айтуынша, биыл ашылған Atyrau Creative Hub өңірдегі шығармашыл жастар мен мамандарды біріктіретін маңызды алаңға айналуы тиіс.
Форумның халықаралық деңгейде өтуі де қатысушылардың қызығушылығын арттырып отыр. Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісінің Заң шығару палатасы жанындағы Жастар парламентінің төрағасы Атабек Собитов Атыраудағы шараның ауқымына жоғары баға берді.
Оның айтуынша, Өзбекстанда да креативті индустрияға арналған түрлі форумдар ұйымдастырылады. Алайда «Saraishyq Upgrade» жергілікті және халықаралық жастарды бір алаңға жинауымен ерекшеленеді. Өзбекстан тарапы форумда ұсынылған кейбір бағыттарды өз елінде де дамыту мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Шара аясында тәжірибелі мамандар жастарға дәріс оқып, нақты жобаларды талқылауда. Ірі фестивальдер мен концерттердің ұйымдастырушысы Бекболат Ізім ивент саласында жетістікке жету үшін тәртіп, тұрақты ізденіс және жаңа идеяларға ашық болудың маңызын атап өтті.
«Өз-өзіңді тәрбиелеу керек. Күнделікті үйрену керек. Идеяларға ашық болу керек және идеяларға ғашық болу керек. Сол кезде ғана идеядан нәтижеге дейінгі жолды жүріп өтуге мүмкіндік бар», – деді ол.
Форумда жастардың шығармашылық жобаларын қолдауға да ерекше мән берілген. «Үздік жоба үшін Grant» байқауында алты бағыттың әрқайсысы бойынша жеңімпаз анықталып, оларға жобаларын жүзеге асыру үшін 500 мың теңгеден грант табысталады.
Бұдан бөлек, әлеуметтік желілерде жарияланған жұмыстар арасында «Үздік жарияланымдар» байқауы өтеді. Байқауда жастардың шығармашылығы, креативтілігі және тақырыпты ашу деңгейі бағаланады.
Осылайша, «Saraishyq Upgrade» тек білім алатын алаң емес, жастардың өз идеясын таныстырып, тәжірибе алмасып, жаңа жобалар мен халықаралық байланыстар қалыптастыратын ортаға айналып келеді.

