Енді зейнетақы жинағының бір бөлігін тісті протездеу және имплантациялау үшін пайдалануға болады.
Атыраулықтардың алды мұндай кызметті алып та үлгерді. Солардың бірі — Әсет Ерекенов. Ол тісіне имплантация жасатуды біраздан бері жоспарлап жүр екен, бірақ қымбат болуы себепті бұл қалауы кейінге ысырыла беріпті. Міне енді жақында ғана енгізілген жаңашылдықтың арқасында бұл қызметке қолы жетіп отыр.
25 ақпаннан бастап «Отбасы Банкі» зейнетақы жинағын денсаулығын нығайту үшін пайдаланғысы келетін азаматтардан өтініш қабылдай бастады. Айта кетейік, зейнетақы жинақтарын алу алгоритмі бірнеше қарапайым қадамдардан тұрады. Алдымен, сіз БЖЗҚ-нан жеткілікті сома туралы анықтап аласыз. Кейін тіркеліп тұрған емханаңызға және өзіңіз қалаған стоматологиялық клиникаға жүгінуіңіз қажет дейді маман.
Мамандардың айтуынша, зейнетақы жинағын тісті емдеу үшін пайдалануға болатындығы туралы хабарлама шыққаннан бері, 1000-нан астам атыраулық осы мүмкіндікті пайдалануға ниет білдірген. Осы орайда «Дентал Центр» клиникасындағы стаматологиялық қызметтердің қолжетімділігін атап өткен жөн дейді клиниканың бас дәрігері.
«Дентал центр» клиникасының ұжымы зейнетақы жинағының бір бөлігін тіске пайдаланғысы келетін азаматтар үшін бағаны қымбаттамайтындығын, бұрынғысынша қалатындығын айтты. Сондай-ақ, мұның бәрін клиниканың сайтында оңай тексеруге болады.