Caspianlife, 2 қазан. Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектке қатысты аса жоғары жауапкершілік пен адалдық танытуға шақырды. Бұл туралы Президент AI & Digital Bridge-2026 халықаралық форумында айтты.
Мемлекет басшысы АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен жетекші америкалық технологиялық компаниялар арасында Суперинтеллект туралы келісімге жақында қол қойылғанын атап өтті.
«Меніңше, бұл тәсілге барлық мүдделі мемлекеттер жаһандық деңгейде мұқият талқылаудан кейін қабылдауға болатын үлгі ретінде қарай алады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Қазақстан толық цифрлық мемлекетке айналу үшін жүйелі түрде жағдай жасап келеді. Мемлекет басшысы форумға қатысушыларға елдің цифрландыру бағытындағы негізгі қадамдары мен жетістіктерін таныстырды.
«Өткен жылы Қазақстанның IT-қызметтер экспорты 1 млрд доллардан асты. Біздің цифрлық шешімдерімізді әлемнің 100-ден астам елінде пайдаланады. Бұл жетістіктер Қазақстанның өз елінің және бүкіл әлемнің өркендеуі үшін прогреске үлес қосуға деген шынайы ұмтылысын көрсетеді.
Дегенмен озық технологиялар саласында қол жеткізген жетістіктермен тоқтап қалуға болмайды. Егер біз еліміздің мықты технологиялық негізін қалыптастыруды көздесек, инновациялық стартап-компанияларға нақты қолдау көрсетіп, озық жобаларды іске асыруымыз қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев экономикадағы нақты сұраныстарға негізделген индустриялық AI-міндеттердің тізімін әзірлеу маңызды екенін айтты. Осы негізде қазақстандық және шетелдік командалардың қатысуымен AI Challenge байқауын іске қосуды ұсынды.
Тиімділігін дәлелдеген үздік жобалар өндірісте енгізілетін болады.

