Caspianlife, 1 қазан. Каспийдегі қайғылы жағдайдан кейін әскери оқу-жаттығулар кезіндегі қауіпсіздік мәселесі қайта күн тәртібіне шықты. 24 қыркүйекте оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметші қаза тапқан еді. Осыған байланысты Құрылтай депутаты Аббат Өрісбаев Үкіметке депутаттық сауал жолдап, оқу-жаттығулар кезіндегі қауіпсіздік талаптарын күшейтуді ұсынды.
Депутаттың айтуынша, әсіресе әскери, арнайы және авариялық-құтқару оқу-жаттығуларында қауіпсіздік шаралары қатаң сақталуы қажет. Ол оқу-жаттығу аумағын дрондар арқылы тұрақты бақылауға алуды және әр қатысушыға жеке электронды белгі беруді ұсынды.
Әр әскери қызметшіге геолокациялық құрылғы берілуі мүмкін
Аббат Өрісбаевтың сөзінше, арнайы құрылғы әскери қызметшінің нақты орналасқан жерін анықтап қана қоймай, қауіп төнген жағдайда автоматты түрде SOS белгісін жіберуі тиіс.
«Оқу-жаттығу аумағын дрондар арқылы үздіксіз бақылауға алу қажет. Әр қатысушыда жеке электронды белгі болғаны жөн. Бұл оның орналасқан жерін кез келген уақытта анықтауға мүмкіндік береді. Қатысушының геолокациясын көрсететін арнайы құрылғы берілуі тиіс. Құрылғы адамның нақты орнын анықтап қана қоймай, қауіп төнген жағдайда SOS белгісін жіберуі керек. Адам құлап қалса, ұзақ уақыт қозғалыссыз жатса немесе суға түссе, жүйе автоматты түрде дабыл беруге тиіс», – деді депутат.
Сонымен қатар әскери қызметшілердің физиологиялық жағдайын бақылайтын құрылғылар енгізу ұсынылды. Олар жүрек соғысы секілді негізгі көрсеткіштерді бақылауға мүмкіндік береді.
Депутат ауа райы, желдің жылдамдығы, көріну қашықтығы және теңіздегі толқын биіктігі туралы ақпаратты бірыңғай орталыққа үздіксіз жіберіп отыру қажет деп санайды. Қауіп деңгейі артқан жағдайда оқу-жаттығудың қауіпті кезеңі дереу тоқтатылуы тиіс.
Оқу-жаттығуларға бірыңғай қауіпсіздік паспорты әзірленеді
Аббат Өрісбаев әр оқу-жаттығуға бірыңғай қауіпсіздік паспортын енгізуді де ұсынды. Онда әскери қызметшілердің медициналық тексерулерден өту тарихы толық көрсетілуі қажет.
Құрылтай депутаттары Үкіметтен үш ай ішінде оқу-жаттығулар кезіндегі қауіпсіздіктің бірыңғай стандартын әзірлеуді сұрады. Алдымен оны бірнеше өңірде сынақтан өткізіп, нәтижесі оң болған жағдайда бүкіл ел аумағына енгізу ұсынылды.
«Үкіметтен осы бағытта барлық мемлекеттік органдардың жұмысын қайта қарап, қауіпсіздік талаптарының орындалуын тексеруді сұраймыз. Үш ай ішінде оқу-жаттығулар кезіндегі қауіпсіздіктің бірыңғай стандартын әзірлеп, оны алдымен бірнеше өңірде сынақтан өткізген жөн. Нәтижесі оң болған жағдайда стандартты барлық өңірге енгізу қажет. Бұл жерде ең басты мәселе – адам өмірі және қауіпсіздігі», – деді Аббат Өрісбаев.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметші қаза тапқан болатын. Осы оқиғадан кейін қауіпсіздік талаптарын қайта қарау мәселесі көтерілді.
Әселім ҚАЛКЕН, Астана

