Caspianlife, 2 қазан. Атырау облысындағы 15 емхана мен алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымында Akylmed AI медициналық коммуникациялар жүйесі енгізілді. Атырау қаласындағы №6 емханада бұл жүйе 37 мыңнан астам пациентті қамтып отыр. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Әсел» виртуалды операторы тәулік бойы жұмыс істейді. Ол дәрігерге жазылуға көмектесіп, анықтамалық сұрақтарға жауап береді және азаматтардың өтініштерін қабылдайды.
Сонымен қатар жүйе пациенттерге қоңырау шалып, скринингтен өту, вакцинация және флюорография туралы еске салады. Akylmed AI медициналық ақпараттық Damumed жүйесімен интеграцияланған.
Платформаның жұмысымен облыс әкімі Болат Ақшолақов танысты. Ол пациенттерге қабылдауға өз бетінше жазылып, алдын ала белгілері туралы ақпарат беруге мүмкіндік беретін мобильді қосымша әзірлеуді тапсырды.
Цифрлық сервистерді енгізудегі басты талаптардың бірі – азаматтардың дербес деректерін қорғау.

