CaspianLife, 2 қазан. «Абырой Авто» автосалонының екі басшысы 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Олар аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды.
Сотталғандар жәбірленушілерге 1 млрд 147 млн теңгеден астам материалдық шығынды өтеуге міндеттелді. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Атырау қаласы №2 сотының судьясы Эльмира Ойкулованың айтуынша, сотталушылардың әрқайсысына 6 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Сонымен қатар оларға 6 жыл бойы коммерциялық ұйымдар мен өзге де кәсіпорындар құруға, оларды басқаруға және материалдық жауапкершілікке байланысты қызметтер атқаруға тыйым салынды.
«Әр сотталушы 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Жаза мерзімі 2026 жылғы 1 қазаннан бастап есептеледі», – деді Эльмира Ойкулова.
Сот процесі сегіз айға созылды. Осы уақыт ішінде сот 103 жәбірленуші мен 100-ден астам куәнің көрсетілімін қараған. Мемлекеттік айыптаушының мәліметінше, келтірілген жалпы шығын көлемі 1 млрд 147 млн 800 мың теңгені құраған.
Автокөліктерді қалай иемденген?
Мемлекеттік айыптаушы Абылайхан Абужанов сотталушылардың әрекет ету тәсілін түсіндірді.
Оның айтуынша, автокөліктерді сату коммерциялық сатып алу схемасы арқылы жүзеге асырылған. Автосалон менеджерлері азаматтармен байланысып, көліктерін сатып алуға уәде берген. Кездесу барысында ақша 10 жұмыс күні ішінде шотқа аударылатыны көрсетілген келісімшарт жасалған.
Алайда құжаттарды рәсімдеу кезінде көлік иелерін автокөліктерді автосалон қызметкерлері болған үшінші тұлғалардың атына қайта рәсімдеуге көндірген. Кейін автосалон бұл көліктерді басқа сатып алушыларға қайта сатып, заңды иелері ақшасыз әрі көліксіз қалған.
«Осылайша алаяқтық әрекеттер жасалған», – деп түсіндірді Абылайхан Абужанов.
Еске салайық, «Абырой Авто» өкілдеріне қатысты полицияға 100-ден астам адам арызданған. Автосалон қызметкерлері көлік иелерін машиналарын кейін сату үшін құжаттарды компанияға қайта рәсімдеуге үгіттеп, 10 күн ішінде ақшасын толық төлеуге уәде берген.
Алайда уәде етілген қаражат төленбей, көліктер басқа адамдарға сатылып кеткен. Жәбірленушілердің айтуынша, берілген автокөліктердің құны 7-ден 30 млн теңгеге дейін болған.
Альбина ІЗҒАЛИЕВА, Атырау


