CaspianLife, 1 қазан. Алматы қаласындағы Egin мәдени кеңістігінде қазақстандық заманауи өнер өкілі Асхат Ахмедияровтың «Жетіқарақшы» атты жеке көрмесі ашылды. Жоба Батыс Қазақстанда орналасқан AMA Foundation for Culture and Education қоғамдық қоры мен «Еуразиялық мәдени альянс» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Көрмеге суретшінің 2024–2026 жылдар аралығында жасаған жаңа туындылары қойылған. Экспозицияның негізгі тақырыбы – уақыт, оның мәні мен адам санасындағы көрінісі.
Автор өз жұмыстарында уақытты күнтізбемен немесе сағатпен өлшенетін құбылыс ретінде емес, адамның ішкі сезімі мен жан дүниесінде сақталатын ұғым ретінде бейнелейді.
«Уақыт – біздің ішімізде қалатын нәрсе», – дейді суретші.
Көрменің кураторлары – Әсел Ахметжанова мен Әсел Мұқашева. Экспозиция 24 қазанға дейін жалғасады. Кіру тегін, келушілер үшін есік ашық.
Көрме аясында қосымша іс-шаралар да жоспарланған. Атап айтқанда, Maqsut Narikbayev University оқытушысы, Амстердам еркін университетінің PhD докторанты Дмитрий Мельников «Аяқталмаған уақыт өнері» тақырыбында дәріс оқиды. Сондай-ақ суретшімен ашық кездесу ұйымдастырылады. Іс-шаралардың нақты күні мен уақыты AMA Foundation-ның әлеуметтік желілерінде жарияланады.
Асхат Ахмедияров – Қазақстандағы танымал заманауи суретшілердің бірі. Ол 1965 жылы Орал облысының Александрово ауылында дүниеге келген. Шымкенттегі көркемсурет колледжінде білім алып, «Қызыл трактор» арт-тобының негізін қалаушылар Виталий Симаков пен Молдақұл Нарымбетовтен тәлім алған.
Суретші шығармашылығында тарихи жады, модернизм мұрасы, адам мен қоршаған орта байланысы, мемлекет пен қоғам тақырыптарын зерттейді. Оның туындылары әлеуметтік маңызы бар жергілікті және жаһандық мәселелерді қозғайды.
Бүгінде Асхат Ахмедияров Алматы қаласында тұрып, шығармашылықпен айналысады.




