Жанбай ауылында жаңадан салынған 300 орындық мешіттің ашылуы өтті. Бұл ауыл азаматтары мен жергілікті кәсіпкерлердің Тәуелсіздіктің 30 жылдығына жасаған тартуы.
Құрылысына бір жыл уақыт кеткен Алла үйіне ҚМДБ Бас мүфтиінің ұйғарымымен Әйтеке бидің есімі берілді. Ондағы мақсат – халқымыздың тарихындағы дара тұлғалардың атын дәріптеу. Ашылу салтанатына қатысқан ауыл үлкендері мешіттің жас ұрпақтың бойына рухани азық қалыптастыратын орынға айналатынына сенім білдіріп отыр.
Теміртас ИГІЛІКОВ, Жанбай ауылының тұрғыны
Осы дінімізді насихаттауға үлкен мән берілген жоқ. Оны жасырмай – ақ қояйық. Тек сәтті болсын енді. Бәрімізге мынау мұсылмандық жолдағы жолымыз құтты болып, Алла соны сауапқа жазсын.
Қазіргі кезде облыс бойынша халыққа қызмет етіп тұрған мешіттердің саны – 34. Салтанатты іс-шараға арнайы келген облыстың бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы Алланың жердегі үйінің салынуына ат салысқан бірнеше азаматқа алғыс хат табыстады. Және ҚМДБ бас мүфтиінің бұйрығымен тағайындалған Әйтеке би мешітінің имамы Жеңіс Сисенбаевты жұртшылыққа таныстырды. Мамандығы – исламтанушы. Бұған дейін Маңғыстау облысының Қарақия аудандық мешітінде, Түпқараған ауданындағы Сайын Шапағатов мешітінде бас имам қызметтерін атқарған.
Іс-шара кезінде ауылдың бас имамына жаңа үйдің кілті де табысталды. Белсенділер баспананы үйге керек-жарақтың барлығымен қамтамасыз етіп қойыпты.
Малика Такежанова