Атыраулық балықшылар мұз үстінде ішімдікпен ұсталды. Жайық өзенінде балықты алкогольді сусын ішіп аулағанды жөн көрген 7 адам көшедегі бақылау камераларына түсіп қалған.
Оларға әкімшілік хаттама толтырылып, спирттік ішімдік ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келгендері үшін әрқайсысына 7 392 теңге көлемінде айыппұл салынды. Мамандардың айтуынша, мұз үстінде мас қалыпта жүру адам өмірі үшін қауіпті.
Осындай оқиғаларды болдырмау үшін құқық қорғау органдарының қызметкерлері өткен демалыс күндері кезекті рейд өткізіп, халыққа қауіпсіздік ережелерін түсіндірген еді. Тәртіп сақшылары тұрғындардан қырағы болуды және қауіп төнген жағдайда көмекке шақыруды сұрайды, себебі ауа-райының жылынуы мұздың күрт еруіне әкеліп соқтыруы мүмкін.